ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҰМТЫЛҒАН БАСШЫҒА ҰЖЫМ ДӘН РИЗА!

28 мая, 2022

ҚазҰУ КЕАҚ басқарма төрағасы – ректор Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы университет басшылығына келгелі университеттің оқу, білім-ғылым, әлеуметтік және өндірістік жұмыстарын уақыт талабына сай қайта жаңғырту ісін бастап кетті. Әсіресе ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорларының жалақысын 2,5 есеге көтерді. Жоғары оқу орнының оқытушысы мәртебесін көтеру мақсатында бірінші келген күннен бастап оқытушыларға үлкен сенім білдіре отырып, сапаны арттыруға шақырды. Университеттің ішкі-сыртқы өндірістік, қызметтік инфрақұрылымдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, ҚазҰУ қалашығын жасыл аймаққа айналдыру мақсатында сан түрлі жеміс ағаштары, оқытушы профессор, студент белсенділерімен бірге жүріп отырғызғандығына да куә болдық. Университеттің басты миссиясы заманауи бәсекеге қабілетті сапалы мамандар мен зерттеуге бейім жас ғалымдардың легін қалыптастыру болса, сол мәселеде Ректорымыз ОПҚ-ның кәсіби біліктілігіне, іс-тәжірибелерінің инновациялық үдерістеріне мән беріп, бақылауына алып қолдауда.

Сапалы білім беру, кәсіби маман дайындау – ҚазҰУ ұжымының басшылық, оқытушылық, қосалқы өндірістік, қызметтік секторлары азаматтарының қажырлы еңбегі екені даусыз. Сөзімізге дәлел болсын, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30-жыл» салтанатты мерекелік іс-шарасында «ҚазҰУ ерен еңбегі үшін» медальі, ректордың «Алғыс хаты» бағалап марапаттаудың ерен үлгісі бола білді. Бұл жағдай барша ұжымның ары қарай еңбекке деген мотивациясын күшейтті. Осындай кең ауқымда (ғалым профессордан бастап, еден жуушы, күзет қызметкерлерінің) еңбегін бағалау соңғы он жылда болмаған дүние. Осы жағынан қарағанда ҚазҰУ басшысының барды бағалауға, еңбектің еленуіне қосып жатқан үлесі зор. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме атамыз қазақ.

Тағы бір айтарым, ҚазҰУ ректоры игілікті бір іске мұрындық болып отыр. Ол – университеттің оқытушы профессорлық құрамының шетелдік іргелі оқу орындарында тағылымдамадан өтуін қолға алуы. Бұл университет ұжымының тынысын ашар, жаңашылдыққа бастар, білімді жастардың шабытын оятар ізгі бастама. Демек бұл игі бастама университеттің көшбасшылыққа ұмтылудағы әрекеті деп ойлаймын.

2021 жылғы 25-28 қазан аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев мырза 50-ге тарта қызметкер мен жас ғалымдарды Түркияға тәжірибе алмасуға арнайы жіберді. Осы құрамда менде болдым. Түркияның жоғары білім беру жүйесінің тренингіне және оның NewTrend тәжірибесіне қатысып қайттық.

Сол жерде тағылымдамадан өткен барлық қатысушыларға халықаралық сертификаттар табысталды. Медицина профессоры Мұстафа Кобан өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың көптеген ғылыми бағыттар бойынша өзгелерге үлгі екенін ерекше атап өтті. «Қазақ ұлттық университетінің көптеген дамыған ғылыми бағыттары бар, ал халықаралық рейтингтегі орны ерекше. Түркия профессорлары ҚазҰУ ғалымдарының жарияланымдарымен жақсы таныс және бірлескен зерттеулер ұйымдастыруға қатысу біз үшін үлкен мәртебе», – деген пікірі ел мерейін өсірді. Университет ұжымына қанат бітірді. Еленген еңбекке не жетсін шіркін! Осы сапарым туралы республикалық «Қазақстан дәуірі» газетіне көлемді мақалам да шықты.

ҚазҰУ-да «Scopus» және «WebofScience» жетекші халықаралық дерек қорларына кіретін ғылыми журналдардағы жарияланымдар санын артыру мәселесі де ерекше назарда. Бұл да қуанарлық жаңалық! Нәтижесінде әлемдік білімнің, ғылымның интеграциясына ілесіп, бәсекелестігімізді шыңдай түсеміз. Халықаралық рейтингтік көрсеткіште ілгерілейтініміз тағы даусыз.

«Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дейді» демекші, ректорымыз Жансейіт Қансейітұлы биік белестерден көрініп жүрген университет түлектерерінің қазіргі студенттер мен жас ғалымдарға үлгі болуына түрткі болып, өз салалары бойынша лидерлік дәрістерін өткізуіне үнемі қолдау көрсетіп жүргеніне куәміз.

Атап айтқанда, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Г.Қарағұсова, Қ.Саудабаев, С.Абдрахманов сынды тұлғалар білім алушы жастармен кездесіп, көшбасшылық ойларын ортаға салып, қол жеткен жетістіктерінің тәжірибесімен бөлісті. Аға буынның ұрпақ сабақтастығы туралы тағылымды ойлары баршамызды қуантады.

Қорытындылай келгенде, білім және ғылым дамудың ірге тасы болуымен қатар, еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, алтын арқауы екенін – ректорымыз Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы өзінің нақты істерімен көрсетуде. Осы себепті университет ұжымы ректорға дән риза. Ісіне береке, қызметіне толағай табыс тілейді. Білім, ғылым бар жерде жетілу, кемелдену, даму үрдісі бір сәтке толастамайды. Бәрі де басшыға байланысты. Жаңашылдыққа ұмтылған басшының алар асуы да көп болмақ!

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

Экономика кафедрасының 

э.ғ.к,, доцент м.а. Тураров Д.Р.