ҚазҰУ-да БАҚ қызметкерлері күні аталып өтті
Жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Жиынға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ф.ғ.д., профессор Намазалы Омашев бастаған бір топ ғалымдар мен БАҚ өкілдері Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып; «Қазақ газеттері» АҚ ЖШС Бас директоры Паттеев Шамшидин Әшенқожаұлы; Қазақстан Республикасы Журналистер Академиясының академигі, тележүргізуші, журналист Бекхожин Ерлан Қалижанұлы; Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы қаласындағы редакциясының басшысы Жүсіпбек Қорғасбек; «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Қали Қошқарұлы Сәрсенбай; «Үркер» журналының Бас редакторы Жаңабек Баққондыұлы Шағатай; «Ұйғыр Авази» газетінің Бас редакторы Ершат Асматов; «Заң-медиа» корпорациясының президенті Өтеғалиев Досымбек Қонысбекұлы; «Ана тілі» газетінің Бас редакторының орынбасары Берік Бейсенұлы, танымал тележурналист Гүлмария Барманбекова; «Ақжелкен» журналының редакторы Есей Жеңісұлы қатысты.
Салтанатты мерекелік шарада БАҚ өкілдері мен ғалымдардың арнайы құттықтаулары тыңдалып, қазіргі журналист кадрларын даярлаудың біршама жетістіктері мен кемшілік тұстары жөнінде де сын-пікірлер қозғалды. Сын-пікірлерге қатысты факультет деканы С. Мадиев қазіргі таңдағы журналист кадрларын даярлаудағы басты кедергілердің көп болып отырғандығын жасырмады. Оны жою үшін біріншіден факультетке оқуға түсетін талапкерлерді іріктеу кезінде де БАҚ өкілдерін қатыстыру қажет. Екіншіден, шығармашылық кадрлар даярлаудың басты проблемаларын айқындайтын арнайы қоғам құрудың қажеттігін айтты. Сонымен қатар журналистиканың білім беру бағдарламаларына қатысты да кемшіліктердің болып отырғандығы, ондағы басты бағыттың шетелдік бағдарламаларға икемделіп жасалатындығы жария етілді.
Шынында да, біздің пікірімізше бұл тұста Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бекітілетін базалық пәндердің кредит сандарының көптігі басқа жаратылыс мамандықтарға қарағанда спецификасы бөлек шығармашылық факультеттің талаптарын орындаудағы басты кедергілердің бірі екендігі ақиқат. Соның ішінде болашақ журналистердің объектілерге барып сұхбат алуға машықтанып, өндіріс орындарымен танысып, көзбен көріп, қолмен ұстауға, одан соң өз ойын түйіндеп, оны жазып-өңдеп, талдап-тексеруге кететін уақыттары мен мүмкіндіктері сабақ кесетесінде де ескерілмейтіндігі өкінішті! Таңғы 8.00-ден кешкі сағат 17.00-ге дейін қойылатын сабақ кестесі студенттер мен оқытушылардың шығармашылықпен айналысуы немесе кітапханаға баруына мүмкіндік бермейтіндігі рас. Тәжірибелік сабақтарға қарағанда теориялық пәндер өте көп. Мәселен, жазбаша жұмыстар мен студенттің өзіндік жұмыстарына (СӨЖ) кредиттер бөлінбейді. Сондықтан жазбаша жұмыстарды тегін тексеруге оқытушылар физикалық тұрғыда үлгере алмайды.
Жиында магистратура мен докторанттарды қабылдау кезінде де кемшіліктердің болатындығы жөнінде де пікірлер айтылып қалды. Қазір журналистикаға шет тілін білсең болды, магистратураға түсу мүмкіндігің мол. Ал олар кейін базалық білімі журналистика болмаған соң, диссертация жазу кезінде қиналып жатады. Себебі шет тілдер университетін бітірген магистрант немесе докторантта журналистика туралы түсінік жоқ. Біздің ойымызша, ғылым жолын таңдайтын аталмыш оқыту сатылары бойынша базалық бірінші білімнің тек журналистика болғаны абзал. Мысалы, бұрын ғылым кандидаты болу үшін, базалық білімің журналистика ғана болатын.
Осындай қиындықтар мен шектеулі шығармашылық мүмкіндіктерге қармастан біздің журналистика факультетінің ұстаздары шәкірттер даярлауға бар күшін салып, еңбек етіп келеді. Танымал түлектеріміз де аз емес. Факультетте аяулы ұстаздарымыз бен ғалымдарымыз профессорлар Н. Омашев, Б. Жақып, К. Камзин, К. Қабылғазина, С. Қозыбаев, Л. Ахметова, Г. Ибраева, А. Рамазанова, сондай-ақ қазақстандық БАҚ өкілдері «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы қаласындағы редакциясының басшысы Ж. Қорғасбек, «Теңге монитор» газетінің бас редакторы Н. Қуантайұлы, «Шалқар» радиосының директоры Б. Төлепберген, «Production» ЖШС директоры, тележурналист А. Данченко, «Аннұр - сапа» баспасының директоры Е. Шайхыұлы, «Қазығұрт» баспасының директоры Т. Көпбаев, «Заң-медиа» корпорациясының президенті Д. Өтеғалиевтар дәріс беріп, шығармашылық байланыстарды арттыруға жол ашу үстінде. Әрине, қазіргі қоғамдағы проблемалар тек журналистикада ғана емес, барлық сала бойынша да орын алып келеді. Белгілі журналист Сағат Әшімбаев айтқандай: "Сын шын болсын!" Сын түзелмей мін түзелмейтіндігі де рас. Сын көп болса қоғам да күшейіп, қарқынды дами түседі. Ал қоғамды журналистикадан бөліп қарау еш мүмкін емес.
Журналист кадрларын даярлауды одан әрі жақсарта түсу үшін университет басшылығы тарапынан да өндірістік тәжірибе өтетін БАҚ-тармен тығыз байланыстар орнатып, шетелдік оқу орындары сияқты қаржы бөлу жағын қарастырса дұрыс болар еді. Мысалы, Нью-Йорк таймс газеті, Би-Би-Си, Си-Эн-Эн сияқты арналарға оқу орындары қыруар қаржы бөліп, мықты журналистер даярлауға жол ашып отырғандығы бізге де үлгі болса игілікті істердің жаршысы болмақ дегіміз келеді! "28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен" барлық әріптестеріміз бен БАҚ өкілдерін құттықтай отырып, зор денсаулық пен шығармашылық табыстар тілейміз!
Ғ. Майкотова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
журналистика факультетінің
доценті, филология ғылымдарының
кандидаты