ТАРГЕТИНГ - МЕДИАНЫҢ ЖАҢА ТРЕНДІ

5 октября, 2022

Журналистика факультеті ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен таргетинг саласының қыр-сырын меңгеру мақсатында арнайы шеберлік сағаты өтті. Кездесуді осы саланың кәсіби маманы Райымбек Ғабитұлы жүргізді. Кездесуге келген студенттердің көптігі тақырыптың қаншалықты өзекті екендігін аңғартты. ҚазҰУ студенттерінен бөлек өзге ЖОО-ның студенттері де бұл кездесуге қызыға қатысқандығын аңғардық. Мұның басты себебі - таргет саласын үйрететін мамандар өте аз, ал тегін шеберлік сыныбын жүргізуге келісетін мамандар тіпті жоқ десек те болады.

Дәріс үстінде арнайы кейстер арқылы таргет жасаудың жолдары үйретілді. Презентация барысында дәріскерге студенттер тарапынан сан түрлі сауалдар қойылып, нақты мысалдар арқылы жауап алынды. Дәріс барысында Бибол есімді 2 курс студентінің таргет жіберу барысындағы қателіктері талқыланып, оның нақты қандай қателіктерімен жүмыс жасау керектігі ортада ашық талқыланды. Дәл осылайша өзге де студенттер жарнама жіберу барысындағы проблемаларды ортаға салып, арнайы шақыртылған маманнан өз сұрақтарына тұшымды жауап ала алды. Кездесудің соңында Кахут ойыны арқылы сараптама жасалып, жеңімпаздар анықталды. Дәрісті жылдап меңгерген 2 курс студенті Аружан жеңімпаз атанып, дәріскердің арнайы марапатына ие болды. Расында да бұл дәрісті журналистика факультетінің студенттері асыға күткен еді. Себебі сабақтан тыс фрилансер болып жұмыс жасайтын журналистика факультетінің студенттеріне бұл шеберлік сыныбы таптырмас мүмкіндік болғаны анық.