"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет

7 октября, 2011

ҚазҰУ-дың қарлығаштары

07.10.11.

«Еліміздің үздік магистранттары, бұл тек қаржылық көмек қана емес, сонымен қатар бұл еліміздің сіздердің бастамаларыңызға деген ерекше көзқарасының белгісі», - деген болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары оқу орындарының он магистрантына Президенттік стипендия табыс ету салтанатында.

Шәкіртақы иелерінің қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың екі магистранты - Диана Бүрлібаева мен Диляра Копытина бар. Кеше университеттің химия және химиялық технологиялар факультетінің Малахит залында білім ордасының мақтанышына айналған қос магистрант білім алушылар және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Басқосуға оқу ісі жөніндегі проректор Гүлнар Балақаева, химия және химиялық технологиялар факультетінің деканы Е.Оңғарбаев, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің бастығы Т. Мұхитдинова және басқалар қатысты.
ҚазҰУ білімгерлері Астанадағы қабылдау рәсімінде Елбасымен тек Президент ретінде ғана емес, ғалым, академик ретінде де ой бөліскендерін, өздерін нағыз ғалым ретінде сезінгендерін ерекше айтып жеткізді. Стипендия иегерлері Елбасымен кездесуден кейін Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловпен жүздесіп, ҚазҰУ студенттері атынан «әл-Фараби» мүсінін сыйға тартып қайтыпты. Олар жиналған қауымға барлық магистранттардың ғылыми негіздегі жұмыстарын таныстырып, олардың зерттеу тақырыбы аясында кең сөз қозғады. Диляра мен Диана: «Біз, еліміздегі алғашқы Президенттік стипендия иегерлеріміз, бұл - біз үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш. Барлық магистранттар мен студенттерге ғылыммен айналысыңыздар, ел ертеңі бүгінгі сіздің бастамаңыздан басталады», - деп студенттерді ғылыммен айналысуға шақырды.
Биология және биотехнология факультетінің «Биотехнология» мамандығының магистранты Диляра Копытина 2008 жылдан бері Биология және биотехнология институтының негізгі ғылыми жобаларына қатысса, география және табиғатты пайдалану факультеті «Гидрометеорология» мамандығының магистранты Диана Бүрлібаева үш жылдан бері География институтының ғылыми жобаларына қатысуда. Диананың бакалавр кезінде Алматы қаласының су тұтыну мен суды пайдалану мәселелерін зерттеп, сол жұмысы үшін Білім және ғылым министрлігінің І дәрежедегі дипломымен марапатталғанын атап өткен жөн. Бүгінде олардың бірі жүзім вирустарының қазақстандық тест-жүйелерін шығару жұмысымен айналысса, екіншісі, республиканың негізгі өзендерінің гидрохимиялық өзгеруін зерттеумен шұғылдануда. Бұл Елбасы қойған талап негізінде әлемдік топ-университеттер қатарына кіру мақсатында ҚазҰУ-дың ұлттық зерттеу университетіне айналу жұмыстарына қосқан үлкен үлес.

Алмагүл ҚҰРМАНБАЕВА,
ҚазҰУ журналистика факультеті деканының орынбасары,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент