"Заң" республикалық күнделікті газет
06.10.2011 16:49
Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақын, публицист, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, әріптесіміз Аманхан Әлімұлының «Өткірдің жүзі» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Журналистика факультеті ұйымдастырған басқосуға жазушы О.Сәрсенбаев, С.Әшімов, театр сыншысы, драматург Ә.Сығай, заңгер-ғалым А.Ағыбаев, көсемсөзші Ж.Кенжалин, баспагер Т.Көпбаев, қаламгер Б.Сүлейменов, профессор С.Қозыбаев, жазушы С.Елубай, сатириктер Т.Әлімбек пен К.Әмірбек, тағы басқа БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты. Ақын Һәм журналист Аманхан Әлімұлының бұл кітабында 1995 жылдан бастап бүгінге дейінгі республикалық газет-журналдарда жарияланған тәуелсіз елдің жоғын жоқтайтын «Мәселе қазақта емес, казакта...», «Рухани террорға тосқауыл қоймай, ұлт болып қалыптасу мүмкін емес», «Қазаққа патриотизм керек пе?» «Мен құдайдан қорықпағандардан қорқамын» сияқты сараптамалық мақалалармен бірге ой-толғаулары мен сыр-сұхбаттары топтастырылған. Кітаптың жарыққа шығуына журналистика факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы Есберген Алауханов мұрындық болған.
Алғашқы боп сөз алған Оразбек Сәрсенбаев оқырманға жол тартқан жинаққа былай баға берді: «Аманханның бұл жинағында қазақтың басындағы қиындықтар шынайы түрде жазылған. Онда әдемілеп, майдалап, басынан сипай айту деген мүлде жоқ. Тәуелсіздігіміздің жолына қақпан құрмақшы болғандар мен өз топырағымыздан кіндігін үзген, тіліміз бен ділімізді сыйламайтын мәңгүрттердің әрекетін сынаған».
Сыншы Әшірбек Сығай: «Журналистің бұл еңбегінде, кітаптың аты айтып тұрғандай, қазақ қоғамындағы мәселелер алмас қылыштай өткір тілмен айтылған. Жалпы, жиырма жылда біздің тапқанымыз да, жоғалтқанымыз да аз емес. Ол туралы көбі отбасы, ошақ қасында күңкілдегеннен әрі аса алмайды. Сондай кемшіліктерді ашық айтпағандықтан, рухани құлдырап барамыз. Шындықты айтқандардың аузын алақанымен басатындар да жоқ емес. Осы тұрғыдан келгенде автор ешкімнен қаймыққан емес, ақпарат құралдары арқылы ақиқатты қорықпай айтты», – деп баға берді.
Жазушы Қуандық Түменбай: «Аманхан – адал сыншы. Ол ешқандай ...измге бағынбайды. «Аманханизмі» алда тұрады...», – десе, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев: «Кітапта үлкен дау тудырған мақалалар да бар. Ақиқаттың айбалтасындай болған Аманхан ағамыздың бұл кітабы тәуелсіз елдің көсегесін көгерткісі келмейтіндердің теріс пиғылдары мен астыртын әрекеттерін аша білді», – деді.
Ақын Аманхан Әлімұлының публицистикалық кітабы болашақ журналистерді ақиқатты қорықпай айтуға, шұрайлы сөйлеп, шебер жазуға баулитын көмекші құрал болатынына сеніміміз мол. Қоржыныңыз ұлт мүддесін қорғайтын тың дүниелермен толыға берсін, қадірлі әріптес!
Елгүл НӨКЕРБАНҚЫЗЫ,
«Заң газеті»