«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет
Маманданудың негізі бакалаврда қалануы тиіс
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғарғы мектебінде «Тәуелсіздік жылдарындағы бухгалтерлік есеп және аудиттің дамуы» тақырыбына еліміздің бухгалтерлік есеп пен аудит қызметін дамытуға үлес қосқан ғалымдар мен мамандар қатысқан дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны ашқан кафедра меңгерушісі экономика ғылымының кандидаты, доцент Б.Б.Сұлтанова бухгалтерлік есеп пен аудитке елеулі еңбектерін сіңірген ғалымдарды жиылған жұртқа таныстырып өтті.
Алғашқы сөзді экономика ғылымдарының кандидаты, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің профессоры Қуантқан Кеулімжанов бастады. «Кеңестік дәуірде бухгалтер деген мамандық онша еленбейтін, - деді ол. – Экономистер олардан биік тұратындай көрінетін. Бірақ мен айтайын, бухгалтерден – экономист те, қаржыгер де шығады, ал экономистен бухгалтер шықпайды. Бухгалтерлік есеп өте ауыр, күрделі, қиындыққа төзуді, шыдамдылықты талап етеді». 55 жыл бойы экономика саласында аянбай еңбек еткен 83 жастағы ғалым өзінің тың ойларын ортаға салды. Студент жастарымыздың тіпті өнімнің өзіндік құны саналатын калькуляциялауды да білмейтінін және оқу үдерісіндегі кредиттік технология бухгалтерлік есеп мамандықтарын оқытуда қолайлы еместігін, қазіргі кездегі олқылықтарды бұрынғы кезеңмен салыстыруға келмейтінін алға тартты.
1971 жылы экономика саласында тұңғыш рет қазақ тілінде кітап жазған ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, Алматы техникалық университетінің профессоры Әйтей Дәулетбеков: «Бакалаврға қарағанда, магистратурада студенттер саны көп. Бұл не сонда? Бухгалтерлік есепке маманданудың негізі магистратурада емес, бакалаврда қалануы тиіс емес пе? Онымен қоймай, жаппай PhD докторлық қорғау да белең алып кетті. Ғалымдар жас және біліксіз. Ақылы түрде оқу дегенмен келіспеймін. Бәрі ақшаға тәуелді болып кеткені ащы шындық. Студент өзінің таңдаған мамандығын сүйіп, беріліп оқып-үйренуі керек. Тек гранттық оқу жүйесі қайта жаңғырса, дұрыс болар еді», - деді.
КЕлесі кезекте ҚазҰУ «Есеп және аудит» кафедрасының доценттері э.ғ.к. М.Б.Байдәулетов, э.ғ.к. А.К.Бейсенбаева, аға оқытушы Ш.М.Манапова көкейде жүрген ойлары мен қордаланған мәселелерді көтере отырып: оқу құралдарының жетіспеушілігі, мемлекеттік тілдегі оқу құралдарының тапшылығы,құралдарды пайдаланудағы Республикалық оқу әдістемелік кеңестің ықпалы, бухгалтердік есептің экономикалық терминдерінің мемлекеттік тілде аударылмауы мен баламаларын дұрыс бермеуі, басқару есебіндегі стратегиялық жоспарлаудағы мәселелерді айтып, одан шығудың жолдарын іздестіру бойынша ғалымдардан ұтымды жауап алды.
Әйгерім МІНАЙДАР