«Алаш айнасы» Республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газет

10 ноября, 2011

1999 жылы әлемде тұңғыш рет қалыңдығы 2200 беттен тұратын Телеэнциклопедия жарық көрген болатын. АҚШ, Ұлыбритания, Канада мен Австралия елдерінің ғалымдары бірлесе жүзеге асырған бұл бастаманы артынша жалғастырып алып кеткен ТМД елдерінің ішіндегі біріншісі біз болдық. Нақтырақ айтсақ, жарты ғасырдан астам тарихы бар Қазақ телевизиясының іргетасы қаланғаннан күні бүгінге дейін қызмет еткен тұлғалар есімі мен телерадио саласы терминдерін тізген «Қазақ телевизиясы» атты энциклопедиядық еңбек таяуда бізде де жарық көрді.

Кітап жобасының жетекшісі әрі идея авторы – филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық телевизия және радио Академиясының корреспондент-мүшесі, Құдайберген Тұрсын. Жарық көрген екі томдық еңбекте алфавиттік тізіммен қазақ телевизиясында маңдай тері, табан ізі қалған ардақтылардың есімдері, істеген істері қатталған.

Сағымбай Қозыбаев, филология ғылымының докторы, профессор:

– Негізі, энциклопедия шығару деген – ұлт болып жабылып жүзеге асырылатын үлкен жұмыс. Алайда сондай қиындығына қарамастан, Құдайберген Тұрсын жұртты жұмылдырып, өшкенді жағып, өлгенді тірілтерлік осы істі қолына алды. Бүгін міне, тұсаукесеріне келіп отырсыздар. Бұл әлі алдағы уақытта жалғасын табатын еңбек, себебі қазір екінші томдық К әрпімен тоқтады. Ендеше 60-қа келген ғалымға амандық тілеп, энциклопедияның қалған томдарын күтелік.

Сәлімгерей Сұлтаналиев, ардагер тележурналист:

– Осында отырған көбіміз қазақ телевизиясының кезінде отымен кіріп, күлімен шыққан мамандарымыз. Бүгінде ардагеріне айналдық. Ал арамыздан кетіп қалған қаншама тұлғалар өз алдына. Телевизия сол уақытта алғызбас асудай қиын іс болғаны рас. Жоқтан бар жасап, іргетасын құюға қорықпай кіріскен басшылар бар, сонда қызмет істеген мамандар барлығының аттары аталып, еңбектері еленіп, ендігі ұрпақ назарына кітап бетінен ұсынылатыны қуанышты жайт, айтарлықтай оқиға.

Біле білсек, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі ғана емес, қазақ тарихында да елеулі орны бар тарихи дата. Естеріңізде болса, 1958 жылдың 8 наурызында Алаш жұрты ең алғаш көгілдір экран дегенді көрген болатын. Содан бергі 53 жылда қаншама кәсіби тележурналистер мен саяси шолушы, телекомментаторлар мен телережиссер, телеопе­ратор, т.б. көптеген мамандар осы салаға ғұмырларын арнап, талай-талай жақсы дүниелерді жұрт назарына ұсынды. Нақты санға жүгінсек, 1970-1990 жылдар аралығында Қазақ ССР Мемтелерадиокомитетінің жүйесінде ғана 7000-ға жуық мамандар қызмет атқарыпты. Уақыт ағын су секілді, телевизия саласындағы ірілі-ұсақты мамандар, тіпті заңғар тұлғалар да қызметі біртіндеп көзден таса, көңілден ада қалып жатты. Көпшілігі тіпті пәниден де кетіп қалғаны рас. Сол себепті өткенді бір екшеп, тасқа басылғандай бір белгісін қалдыру мақсатында арнайы энциклопедия түзу қажеттілігі туған. Есімі энциклопедияға енген ардагер ағалар мен апалардың, бір кездегі телеэкраннан қазаққа жарқырай көрінген жұлдыздардың көпшілігі кітаптың тұсауке­серінен табылды. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті, әйгілі Темкең, Темірбек Жүргенов атындағы аудиторияда өтті. Яғни, журналистер мектебі, қара шаңырағында аға буын, артынан ерген бала буынның басын қосқан бұл да бір оқиға болды деуге әбден болады.

Мәриям ӘБСАТТАР