«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
ҚазҰУ өз түлектерін ұмытпайды
АЛМАТЫ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда нарықтық экономикаға өтудің алғашқы жылдарында тұңғыш рет «Халықаралық экономикалық қатынастар», «Менеджмент негіздері», «Әлемдік экономика», «Бағаның әлемдік жүйесі», «Әлемдік коммерциялық іс» сияқты курстар бойынша оқу бағдарламаларын дайындаған ғалымды еске алу шарасы өтті.
Экономика ғылымдарының кандидаты Абай Ержановтың 65 жылдығына арналған «ҚазҰУ өз үлектерін ұмытпайды» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстелге әріптестері, оқытушы-ғалымдар, студенттер және марқұмның ұлдары Алан және Алдияр Ержановтар қатысты.
ҚазМУ-ды 1974 жылы бітірген экономист Абай Баязитұлы өзі білім алған қара шаңырақта 20 жылдан аса уақыт оқытушылық қызмет атқарды. Кафедра ассистентінен аға оқытушы, доцент дәрежесіне дейін көтерілген жас ғалым 1984 жылы кандидаттық диссертация қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болды. Ал 1987 жылы «Саяси экономия» кафедрасының доценті ғылыми атағын алды. А. Ержанов түрлі әкімшілік және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, комсомол ұйымының хатшысы, университет комсомол комитетінің мүшесі, факультет партбюросы хатшысының орынбасары, университет парткомы жанындағы әкімшілік қызметін қадағалау жөніндегі партбюро мүшесі болды. Бірнеше рет студенттік құрылыс отрядтарының командирі болды. Сондай- университеттің басшылық қызметтерінде: дайындық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, университеттің шетелдік студенттерімен жұмыс жөніндегі жалпы жоғары оқу орны деканатының деканы, ал нарықтық қатынастарға өту кезеңі жылдарында тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор болып жұмыс жасады.
«Абай Баязитұлының 50-ден астам жарияланымы бар. Оның ішінде 1994 жылы жарық көрген «Халықаралық экономикалық қатынастар» оқулығы үлкен сұранысқа ие. Индустрия және сауда министрлігінің сауда департаментінде жұмыс істей жүріп, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша жобаға жетекшілік жасады. АҚШ, Сингапур, Швейцария елдерінде Орталық Азия елдерінің ДСҰ-ға кіру шарттары бойынша тәжірибеден өтті. Өмірінің соңғы жылдарында «Қайнар» университетінің «Экономикалық теория» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Оқу, ғылым және қоғамдық жұмыстағы белсенділігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, Ағарту министрлігі, ҚазКСР Білім министрлігі, С.М.Киров атындағы ҚазМУ ректоры Ө.Жолдасбековтің құрмет грамоталарымен марапатталған», дейді экономика ғылымының докторы, профессор Ержан Жатқанбаев.