Студенттер қатарына қабылдау салтанатында сөйлеген сөзі

17 сентября, 2022

Қадірлі университет қонақтары!

Құрметті оқытушы-профессорлар, докторант, магистранттар!

Құрметті 1-курс студенттері!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

1-курс студенті атанған білім алушы жастарға әлемдік үздік 150 университет қатарына кіретін қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағына қош келдіңіздер деймін.

ҚазҰУ-дың студенттер қатарына қабылдау шарасы Алматы қаласы күні мерекесімен қатар келіп отыр.

Барша алматылықтарды Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінгі салтанатты шарамызға Алматы қаласының әкімі Досаев Ерболат Асқарбекұлы арнайы келді.

Сондай-ақ қонақтар қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, кәсіпкер-меценаттар,  өнер майталмандары мен зиялы қауым өкілдері бар.

Көпшілігі біздің түлектеріміз.

Олар да кезінде студент атанып, үлкен маман иесі болуды армандаған.

Алдарына мақсат қойып, білім алып, бүгінде ел дамуына айрықша үлес қосып жүр.

 

Құрметті жастар!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жолдауында:

«Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», – деп айрықша атап өтті.

Сондықтан жаңа дәуірдің жастарына қойылатын талап та жоғары болмақ.

Сіздер студенттік жылдарды тиімді пайдаланып, қоғам сұранысына лайықты білікті маман атанады деген сенім артамыз.

Университет басшы ретінде оқу орны туралы аз-кем ақпарат беріп өтейін.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

құрылғанына алдағы жылы 90 жыл толады.

ҚазҰУ тарихы 1934 жылдың 15 қаңтарынан бастау алады.

Ең алғаш құрылған физика-математика және биология факультеттеріне 54 студент қабылданған.

Соғыстан кейінгі жылдары университетте Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ермұхан Бекмаханов, Төлеген Тәжібаев сынды ғұламалар дәріс оқып, үлкен ғылыми мектеп қалыптастырды.

1970 жылдары университет жаңа аумаққа көшірілді.

Қазір біз тұрған ҚазҰУ қалашығының құрылысына биыл 50 жыл толды.

ҚазҰУ қалашығын салуда халқымыздың ұлы тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еңбегі зор.

Сондай-ақ сол кездегі ректор, академик  Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің табандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

1991 жылы 23 қазанда С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімімен қатар, ұлттық мәртебе берілді.

Қазіргі ҚазҰУ әлемдік рейтингтерде көшбасшы оқу орындары қатарында.

Биыл  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді.

Жақында Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді.

Бұл көшбасшы университетіміз үшін биік дәреже әрі үлкен жауапкершілік.

1 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев университетімізге арнайы келді.

ҚазҰУ қалашығын жаңғыртудың ІІ кезеңіне қолдау білдірді.

Мемлекет басшысының қолдауымен биыл Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалдары жұмыс істей бастады.

Осы аптаның басында ҚазҰУ-да  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды.

 

Уважаемые гости нашего университета,

коллеги, студенты!

Уважаемые первокурсники!

КазНУ в этом году поднялся на 150-е место в глобальном рейтинге QS WUR.

Главной новостью этого года является то, что КазНУ постановлением Правительства присвоен статус исследовательского университета.

Сегодня КазНУ сотрудничает с более чем 500 крупными международными вузами мира.

На базе «Научно-исследовательского центра лекарственных трав» мы запустили цех по производству лекарственных препаратов.

В КазНУ созданы все условия для учёбы и всестороннего развития личности, для повышения творческого и интеллектуального потенциала каждого студента.

Мои особые поздравления студентам-первокурсникам.

Многие из вас приехали к нам издалека, из всех регионов Казахстана, стран дальнего и ближнего зарубежья.

Я сам и многие мои коллеги являются выпускниками этого университета.

Это наш альма-матер!

 

Құрметті жастар!

Университеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы сіздердің толыққанды білім алуларыңызға қызмет етеді.

Сіздерге мұнда білікті ғалымдардың көшбасшылық дәрісін тыңдап, мықты профессорлардан сабақ алу мүмкіндігі беріліп отыр.

Университетте 25 мыңға жуық студент бар, оның 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер.

Биылғы жаңа оқу жылына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жалпы 7690 білім алушы қабылданған.

Мемлекеттік грантты 5156 талапкер ұтып алса, ақылы бөлімге 2534 студент қабылданды.

Олардың ішінде 672 «Алтын белгі» иегерлері, 619 «Үздік аттестат» иегерлері, 12 ғылыми жобалардың жеңімпаздары, 69 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері бар.

Университетімізде студенттердің білім алуына барлық жағдай жасалған.

Барлық 1-курс студенттері жатақханаларға, хостелдер мен арнайы қонақүйлерге орналастырылды.

Өткен жылдан бері жатақханалар мен оқу корпустары күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда.

Алдағы уақытта жаңа жатақхана салу жоспарда бар.

Кампус аумағында «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Әл-Фараби кітапханасы, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы,  жеке кинотеатр, спорт кешендері бар.

Сонымен қатар 250 студенттік, патриоттық, кәсіби және ғылыми бағыттағы клубтар мен түрлі мәдени, спорттық үйірмелер жұмыс істейді.

Студенттер игілігі үшін жаңадан заманауи дәмханалар, ғаламтор-кафелер, дүкендер,  кофеханалар мен көшірме орталықтары арнайы іске қосылды.

Қалашық инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеміз.

Қазіргі уақытта біз ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Біздің басты мақсатымыз – жастарға сапалы білім беру, білікті ғылыми кадрларды даярлау, мемлекет дамуына қызмет ететін білікті мамандарды тәрбиелеу.

Сондықтан ҚазҰУ туралы барлық мәліметтерді, күнделікті жаңалықтарды біліп отыру үшін университетіміздің:

«Kaznu.kz» сайтына, «Qazaq universiteti» газетіне, «Farabi University» Instagram, Facebook парақшалары мен Telegram каналына «Farabi Media» YouTube арнасына тіркеліп, жазылыңыздар.  

Әр студенттің өрісін ашып, қабілетін шыңдау үшін біз бар мүмкіндікті жасаймыз.

 

Құрметті 1-курс студенттері!

Бүгін сіздер үшін ерекше күн.

Студент атану – әрбір жас үшін толқынысқа толы сәт.

Шығыстың ұлы ойшыл ақыны Назым Хикмет:

«Сен жанбасаң лапылдап,

Мен жанбасам лапылдап,

Біз жанбасақ лапылдап –

Аспан қалай ашылмақ?» – деп, жастарға жігерлі жыр арнағанын білесіздер.

Алған білімдеріңізді ел игілігіне пайдаланып, биік мақсаттарға жетсеңіздер – бұл біздің жеңісіміз, университетіміздің абыройы.

Озық біліммен қаруланған патриот жастарымыз елімізде болып жатқан жаңашыл өзгерістер мен даму жолына кеңінен араласуы тиіс.

Өйткені тәуелсіздік тұғырын нығайтып, жаңа Қазақстанның туын жықпай, мемлекетімізді биіктерге көтеру – жастардың қолында.

ХХ ғасыр басында Алаштың ардақты ақыны  Мағжан Жұмабаев  «Мен жастарға сенемін!» деп ұран тастаған еді.

Ғасырдан ғасыр өткен сайын мән-мағынасы артып, тереңдей түскен Мағжанның ұлағаты бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жастарының өмірлік ұстанымына айналуы қажет.

Әрдайым оқуда, ғылымда, еңбекте көшбасшы болыңыздар!

 Ұлы мақсаттар жолында биіктен көрініңіздер!

Бәріміз қазір лэд-экранға назар аударайық.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты рәсімін бастаймыз.

Қазір барлығымыз телефонымызды алып, бәріміз бір уақытта экрандағы QR-кодты басамыз.

Бір, екі, үш!

Ал, құттықтаймыз, сіздер салтанатты түрде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атандыңыздар!

Құтты болсын!

Сіздердің құрметтеріңізге арнайы дайындаған концерттік бағдарлама мен лазер-шоуымыз бар. 

Бірге тамашалайық!

Осы күн мәңгі есте қаларлық әсер сыйласын!