«Дара» қорының мерейтойындағы сөзі

13 октября, 2022

Құрметті Ерболат Асқарбекұлы,

Гүлнара Есенгелдіқызы!

Кеш қонақтары!

«Дара» қайырымдылық қорының 15 жылдық биік белесімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ халқында «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген бір керемет сөз бар.

Өйткені қайырымдылық – адамдардың бір-біріне көрсететін ең ізгі, асыл қасиеттерінің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құрғанын білесіздер.

Мұндағы мақсат – жеке көздер арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдап, қайырымдылық көмек беру.

Ел Президенті өз сөзінде қайырымдылыққа атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын үнемі еске салып отырады.

Соның ішінде «Дара» қайырымдылық қоры 15 жыл бойы кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талантты тұлғаларға қол ұшын созып, өнері мен қабілетін танытуға айрықша үлес қосып келеді.

Бұл шын мәнінде екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Гүлнара Есенгелдіқызы нардың жүгін көтеріп, ер-азаматтардың өзі жүрексінетін жұмысты бұйым көрмей атқарып келеді.

Осы 15 жыл ішінде көмекке мұқтаж жандар мен жетім балаларға арналған әлеуметтік жобалары жемісті нәтиже берді.

Сондай-ақ көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетіп жатқан қамқорлығы да халық тарапынан оң бағаға ие болды.

Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына, білімдерін жетілдіруге және шығармашылықтарын дамытуға «Дара» қоры дара жол ашып отыр.

Сондықтан қайырымдылық қордың алдағы қадамдарына да сәттілік тілеп, ісі әрдайым алға баса берсін демекпіз.

Береке мен ізгілікке бағытталған бастамаларыңыз әрдайым бақытқа бөлеп, қуаныш әкелсін!

«Дара» қайырымдылық қорының мерейтойы құтты болсын!