Д.А. Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Тарихи тұлғалар - ел есінде» шарасындағы сөзі

23 декабря, 2022

ҚҰРМЕТТІ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ!

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

 

Биыл елімізде халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығы кеңінен атап өтілуде.

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың есімі жаңа Қазақстан қоғамында жаңаша жаңғыруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілді.

Димаш Ахметұлының өз қолымен тұрғызған қала Алматы облысының орталығына айналды.

Елімізде ескерткіштері бой көтеріп, ғылыми конференциялар, түрлі тағылымдық іс-шаралар  өтуде.

Дінмұхамед Ахметұлы басқарған жылдары кең-байтақ қазақ жерінде 43 қала салынған.

Жүздеген өндіріс орындары ашылып, ірі құрылыстар бой көтерді.

Қазір біз тұрған ҚазҰУ қалашығы да Димаш Ахметұлының табанды еңбегінің нәтижесі.

Биыл ҚазҰУ қалашығының іргетасы қаланып, құрылысы басталғанына 50 жыл толды.

Халқымыздың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бұл құрылысқа ерекше мән берген.

ҚазҰУ қалашығын салуда профессор Асқар Закарьяұлы Закарин, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков, кәсіби құрылысшы Төлегенов Тарас Сәтмағамбетұлы сияқты білікті мамандар атсалысқан.

Университет тарихында айрықша орны бар тұлғаларымыздың есімі мәңгі ұмытылмайды.

Университет бүгінгі күні ұлы тұлғаларымыз бастаған игі істерді жүйелі жалғастырып келеді.

Бүгінгі кездесуіміздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізілуінде ерекше мән бар.

Дінмұхамед Қонаев – мемлекет ісімен қатар, қазақ ғылымына өлшеусіз еңбек сіңірген ірі ғалым.

Димаш Ахметұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ретінде 100-ден аса ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды.

Дінмұхамед Қонаевтың экономика, халық шаруашылығы, ұлт руханиятына арналған ғылыми мұрасын зерттеу жас ғалымдарымыздың еншісінде.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қайраткерлік тұлғасы, ел алдындағы жасампаздық еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады.

Бүгінгі іс-шараға жиналған азаматтарға ризашылық білдіре отырып, баршаңызға табыс тілеймін.