«Жас таланттар-2023» байқауы

17 қазан, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да  «БІЗ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫМЫЗ!» атты 1 курс қазақстандық, шетелдік және даму мүмкіндігі шектеулі студенттер арасында өтетін  «Жас таланттар» байқауының іріктеу кезеңі басталды. Бұл байқаудың мақсаты сан салалы өнер жарысында  өздерін таныта білген талантты жастарды анықтау және жаңа Қазақстанның ұлттық рухани өре биіктігін таныту, өнер әлемінің құдіретін студент жастар арасында кеңінен насихаттау.

Байқауға университеттің 1 курс қазақстандық, шетелдік және даму мүмкіндігі шектеулі студенттері қатыса алады. Байқаулардың бағыттары:

  • Қолөнер байқауы (жастардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнерімізге деген қызғушылығын арттыру. Өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын ұсыну. Ою-өрнектерді насихаттау, ұлттық нақыштағы көрпе, кесте тігу өнерін дамыту).
  • Әншілер байқауы (эстрадалық, классикалық және дәстүрлі. Орындау формалары: жеке, дуэт, шағын формалар (3-6 адам).       Талаптар: Әннің  ұзақтығы – 3 минуттан аспауы тиіс. Бағалау критерийлері: музыкалық шеберлік, дауыс тембрі, интонацияның тазалығы,     дауыс ауқымы, репертуардың жоғары көркемдік мазмұны).
  • Бишілер байқауы (халықтық, заманауи, классикалық билері. Орындау формалары: Шағын формалар (6-дан 12 адамға дейін). Ансамбльдер (8-ден 24 адамға дейін).Талаптар: билердің ұзақтығы - 3 минуттан аспауы тиіс).
  • Музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі (ұрмалы, үрлемелі, ысқышты, ішекті, клавишті аспаптары. Орындау ұзақтығы - 3 минуттан аспауы тиіс. Орындау формалары: жеке, дуэт, трио және фольклорлық ансамбльдер қатыса алады. Бағалау критерийлері: орындау шеберлігі мен техникасы, музыкалық, әртістік шеберліктері.
  • Жүргізушілер байқауы (байқау шарты: сценарий, дауыс ырғағын көрсетуге мүмкіндік беретін шығарма, қара сөз, өлеңдер, көркем шығармалардан үзінділерді мәнерлеп оқу. Шешуші кезеңде арнайы дайындалған сұрақтар беріліп, қатысушыдың сахнаға шығуы, жарасымды қимыл-қозғалысы, сөйлеу мәдениеті мен сахнаны меңгеруіне ерекше көңіл бөлінеді).
  • Актерлік шеберлігі байқауы («Жастар» музыкалық театрына іріктеу. Бағалау критерийлері: орындаушылардың актерлік шеберлігі, орындаушылық шеберлік (дикция, интонация тазалығы, әртістік,  сахналық бейнені ойнау шеберлігі, сенімділігі).
  • Үздік  мобилограф байқауы (байқауыдың шарттары: креативті 3-4 видео жұмысын ұсынуы керек; видеоның тақырыптары: «ҚазҰУ- киелі ордам», «Мен және мобилография өнері», түсірілімдерде «Контраст»  «Макро, микро» кадрлар болуы керек. Түсірілімдер горизонтальді HD форматта түсірілуі керек. Кэпшен жанр элементтерін қолдануға болады (субтитр, музыка).

Әр байқау бойынша қатысушылардың өнерін ҚР эстрада жұлдыздары, әйгілі продюсер, әртістер, хореографтар мен мобилографтардан құралған қазылар алқасы бағалайды. 

Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен лауреаттар дипломдар мен сыйлықтармен марапатталады.

Кастинг 9 қазаннан 10 қарашаға дейін Студенттер сарайы 312, 313 кабинеттерде, «Рухани»  орталығында және би залдарында өтеді.

Байқаудың жеңімпаздары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында, 17  қарашада өтетін фестивальдің қорытынды гала-концертінде өз өнерлерін көрсетеді.