Жатақхана іргетасын қалау рәсіміндегі сөзі
Құрметті әріптестер, БАҚ өкілдері,
білім алушы жастар!
Бүгін университетіміз үшін көптен күткен қуанышты сәт. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы ҚазҰУ қалашығы құрылысының 50 жылдығын атап өттік.
Елу жыл бұрын осы қалашықта Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен, Өмірбек Жолдасбековтің басшылығымен оқу корпустары мен жатақханалар салынған болатын.
Бүгінгі қуанышты күнді біздің оқытушы-профессорларымыз, студенттеріміз 50 жыл күтті.
Бүгін біз ҚазҰУ қалашығында үш бірдей жатақхананың құрылысын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен бастағалы тұрмыз.
Мемлекет басшысы: «Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек», – деп атап өткен болатын.
2022 жылы 1 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университет қызметімен танысуға келді. ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңінің бас жоспарымен танысып, үлкен қолдау білдірді.
Биыл сәуір айында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың қатысуымен ІІ кезеңнің басталуына байланысты естелік капсула салынған болатын.
Ағымдағы жылдың 7 қарашасында Президент арнайы қабылдап, университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жаңадан бой көтеретін жатақханалар, Президент тапсырмасына сәйкес, ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңін іске асыру жоспары аясында жүзеге асып отыр.
Басты мақсат – білім алушылар үшін тұрғын-жай тапшылығын қысқарту.
Тоғыз қабаттық жаңа жатақханалардың әрқайсысы 1060 орындық. Жалпы алғанда, 3180 орынға есептелген.
Толыққанды жабдықталған бір бөлмеде төрт адамнан тұратын болады.
Бұл үш жатақхана құрылысын келесі жылдың күзінде бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Құрылыс салуға бөлінген аумақ 1,24 гектарды құрайды.
Студенттер үйінің әр қабатында заманауи оқу залдары, демалыс орындары, асхана, кафе, спортзал, тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 15 жатақхана бар. Онда оқу ордасының 6 мыңға жуық студенті орналасқан.
ҚазҰУ-дың ІІ даму жоспары бойынша қалашықта 8 оқу корпусы, 12 жатақхана бой көтереді.
Жаңа жыл қарсаңында төрт оқу корпусының іргетасын қалаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Қаңтар айында 35 мың шаршы метр емхана салуды көздеп отырмыз.
Бұған қоса, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк салынатын болады.
Үш жыл ішінде жастарымыз жаңа жатақханаларда тұрып, жаңа ғимараттарда білім алады.
Ал оқытушы-профессорларымыз, ғалымдарымыз жаңа ғылыми орталықтарда жұмыс істейтін болады.
Баршаңызды жаңа құрылыстың басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Алдымызда еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күні келе жатыр.
Мемлекетіміздің тұғыры биік, іргесі бүтін болсын.
Келесі жылы университетіміз 90 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Мерейлі кезеңге үлкен табыстармен жете берейік.