Жас ғалымдармен кездесудегі сөзі

23 февраля, 2024

Құрметті университет қонақтары, әріптестер!

Құрметті жас ғалымдар!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

90 жылдық тарихы бар университетіміз жастардың білімі мен ғылымын шыңдайтын бірегей білім ордасы.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының еліміздегі жетекші жас ғалымдарымен кездесуінің ҚазҰУ-да өтуі біз үшін үлкен мәртебе.

Мемлекет басшысы 20 ақпанда өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында сөйлеген сөзінде:

«Қазіргі таңда мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда.

Сондықтан жалынды жастарымыз осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын. 

Мен жастарға зор сенім артамын.

Елімізде ел игілігі үшін қызмет етуге дайын дарынды, талантты жастар көп», –  деп атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жас ғалымдардың мүмкіндігін арттыруда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Университетте 25 мыңнан астам студент бар.

Әлемнің 54 елінен 3928 шетелдік студент білім алуда.

Бүгінде ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді.

Олардың ішінде 49-ы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасының жеңімпаздары.

Көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Жас ғалымдарымыздың зерттеу жұмыстарының нәтижелері әлемнің жетекші журналдарына жарияланып келеді.

Университетте Жас ғалымдар кеңесі нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Жыл сайын «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы, Жас ғалымдар форумы өткізіледі.

«ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» байқауын жариялап, университет деңгейінде үздік жас ғалымдарды анықтаймыз.

ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде жас ғалымдарымыз өз үлестерін қосуда.

Университетте студенттік ғылымды қолдау және дамыту, жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау саясаты тиімді жалғастырыла береді.

Жақында ғана ҚазҰУ-дың 24 ғалымы «Жас ғалым» тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспаналы болды.

Біз әр студенттің өрісін ашып, қабілетін шыңдауымыз керек.

Оқытушы мен студент арасында, профессор мен жас ғалым арасында  ғылыми-шығармашылық байланысты арттыру қажет.

Бүгінгі кездесуіміз ортақ идеялар мен жаңа бастамаларға жол ашатыны сөзсіз.

Жастарымыз ғылым жолында үлкен нәтижелерге жетіп, жаңа Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін.

Ғылым жолында табысты болыңыздар!

Баршаңызға үлкен табыстар тілеймін!