Араб тілі мен мәдениеті залының салтанатты ашылуындағы сөйлеген сөзі

17 мая, 2024

Құрметті қатысушылар!

Бүгінгі Араб тілі мен мәдениеті залының салтанатты ашылуымен барлықтарыңызды құттықтаймын!

Қазіргі жаһандану дәуірінде халықаралық қарым-қатынастарда өзара ынтымақтастық пен әріптестікті дамытудың позитивті мүмкіндіктерінің артып келе жатқаны белгілі.

Сондай жемісті дипломатиялық қатынастардың бірі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен БАӘ Араб тілі академиясы (Шарджа) және Мәдени дипломатия істері бойынша халықаралық институт (Дубай) арасындағы екіжақты ынтымақтастық меморандумға қол қойылғанын ерекше атап өткен жөн.

Сол меморандумның аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті жанынан Араб тілі мен мәдениеті залын ашып, заманауи үлгідегі техникалық құралдармен, жиһаздармен және оқу құралдарымен жабдықталып, пайдалануға ұсынылып отырғаны көз қуантады.

Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жарқын үлгісі ретінде бой көтерген Араб тілі мен мәдениеті залының толықтай жабдықталуына, салтанатты ашылуына қолдау көрсетіп отырған академия мен Мәдени институт басшылықтарына алғыс білдіре отырып, жұмыстарыңызға табыс, дендеріңізге саулық тілеймін!

Алдағы уақытта бұл залдың базасында араб мәдениетін, тарихын зерттеу, дәріс оқу, араб тіліндегі еңбектерді аудару, өңдеу және араб тілін заманауи тәсілдермен үйрету жұмыстары жүргізілетініне, ортағасырлық көне қазақ даласынан шығып, еңбектерін араб тілінде жазып қалдырған түркітекті ойшыл-ғұламалардың жазба мұрасын жаңа қырынан зерттеуге, жаңа ғылыми талдаулар жасауға жол ашатын орталыққа айналатынына сенімдімін.