Студенттер қатарына қабылдау кешінде сөйлеген сөзі

28 сентября, 2024

Құрметті университет қонақтары, әріптестер,

білім алушы жастар!

Биыл қабылданған 1-курс студенттеріне қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағына қош келдіңіздер дейміз.

Сондай-ақ ортамызда бүгінгі салтанатымызға арнайы келіп отырған қонақтарымыз бар.

Қайрат Әбдіразақұлы МӘМИ – ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ түлектері қауымдастығының президенті, заң ғылымының докторы, профессор.

Тимур Садықұлы Айсаутов – ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі, ҚазҰУ түлегі, экономика факультетін бітірген.

Биыл Париж олимпиадасында ҚазҰУ  студенттері мен түлектері ел намысын қорғады.

Париж олимпиадасының жүлдегерлерін сіздерге үлгі болсын деп арнайы шақырдық.

Парижде түлегіміз Елдос Сметов дзюдодан ел тарихында тұңғыш олимпиада чемпионы атанды.

Түлегіміз Нариман Құрбанов спорттық гимнастикадан күміс медальға ие болды.

Нұрдәулет Жұмағали паражүзуден Париж паралимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Нұрдәулет бұған дейін Токио паралимпиадасының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы болды.

Тағы бір түлегіміз – Ғұсман Қырғызбаев  Парижде дзюдодан қола жүлдегер атанды.

Заң факультетінің 3-курс студенті, дзюдошы қызымыз  Әбиба Әбужақынова дзюдо жарысында үздік бестікке енді.

Медицина факультетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 4-курс студенті Арина Алтухова оқ атудан  жақсы өнер көресетті.

Париж олимпиадасына қатысқан түлектеріміздің арасында:

оқ атудан – Константин Малиновский, жеңіл атлетика, марафон – Жанна Мамажанова,

еркін күрес бойынша – Ерғали Әлішер  мен Азамат Дәулетбеков,

семсерлесу – Ерлік Сертай, суда жүзуден – Әділбек Мусин мен Эльмир Әлімжановтар өнер көрсетті.

Біз осындай спортшы жастарымызды мақтан тұтамыз.

Спортшыларымызға үлкен жеңістер тілейміз!

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деп айрықша атап өтті.

Ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы» деген даналығы – біздің басты ұстанымымыз.

Халқымыздың қаhарман батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағидасын үнемі естен шығармауымыз керек.

Өйткені ел болашағы – тәрбиелі, білімге ұмтылған жастардың қолдында.

Сіздер алыс аудандардан, түрлі облыстардан Алматыға білім іздеп келдіңіздер.

Сіздерге ата-аналарыңыз, бауырларыңыз, сыныптас-

ауылдастарыңыз үмітпен қарап отыр.

Сол сенімді ақтап, тәрбиелі, үлгілі, білімді шәкірт болуға тырысыңыздар.

Университетте студенттердің тәрбиесін кешенді  жүргізумен айналысатын арнайы құрылымдар мен жастар ұйымдары жұмыс істейді.

Олар білім алушылардың бойында азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытумен жан-жақты айналысуы тиіс.

Жастар бәсекеге қабілетті кәсіби маман ғана емес, мәдениетті тұлға  ретінде де қалыптасуы қажет.

Студенттер арасында құқық бұзушылық, тәртіпсіздік, қылмыс жасау сияқты теріс әрекеттерге жол берілмейді.

Президент айтқандай, «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек».

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Биыл көшбасшы университетіміздің құрылғанына – 90 жыл.

Бүгінде оқу ордасында 27 мыңнан астам студент білім алады.

Олардың қатарында әлемнің 54 елінен келген 4 мыңнан астам шетелдік студент бар.

Биыл бакалавриат бойынша мемлекеттік білім гранттарын беру конкурсының нәтижелері негізінде 4022 жас біздің университетке оқуға түсті.

Олардың ішінде:

«Қазақстан халқына» қорының грант иегері – 11;

Үздік аттестат – 61, «Алтын белгі»  –  49;

Олимпиада және ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздары – 19;

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтың түлектері үшін бөлінген грант негізінде 135 бала ҚазҰУ студенті атанды.

Жастарға сапалы білім беруде университет ауқымды жұмыстарды іске асырып келеді.

ҚазҰУ QS WUR -2025 халықаралық рейтингінде әлемнің Топ-200 жоғары оқу орны қатарында.

Биыл университет 9 көрсеткіш бойынша 67 позицияға ілгерілеп, 230-дан 163-орынға көтерілді.

ҚазҰУ Қазақстан мен Орталық Азияның үздік 200 университетіне енген алғашқы және жалғыз университет.

ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан.

Білім ордасында 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады.

ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 316 жобаны жүзеге асыруда.

Бүгінгі таңда білім ордасы ғылыми зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес, университеттік ғылымды кешенді дамытуға күш салып жатыр.      

Биыл бірқатар зертханалар оқытушылар мен студенттер игілігіне берілді.

1. Географ-ғалымдарымыз ұтып алған 3,8 млрд теңгенің мегагранты аясында факультетте «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылды.

Орнықты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана Ұлттық даму жоспарының негізгі көрсеткіштерін толықтай қамтамасыз етуге бағытталған.

2. «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды.

Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруінен болатын су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, аймақтағы су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізеді. 

3. Химия және химиялық технология факультетінде ашылған заманауи Farabi Chem Science тоғыз ғылыми зертхана кластері тұсауын кесті.

Мұнда мұнайхимиясы саласында тереңдетілген зерттеулер жүргізіледі.

Отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістері әзірленеді.

4. Chemical Coating innovations (Гальваника) ғылыми-өндірістік орталығының гальваникалық қаптамалары машина жасау өндірісін дамытуға септігін тигізеді.

5. Ғылым қызметкерлері күнінде «Фараби» заманауи обсерваториясы  пайдалануға берілді.

Ғарыш әлеміне қызығушылар мұнда деректерді өңдеу, жинау және тарату, қашықтан басқару, фотометрлерді қолдану, ірі телескоптармен  жұмыс істеу әдістерін үйренеді.

6. Қытай­дың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы аумағында «5G/5.5G коммуникациялық технология­лар» зертханасы құрылды.

Ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун қатысты.

Орталықта телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің мамандарын даярлау, жаңа технологияларды меңгеріп, интернет жылдамдығын жетілдіру, 6G желісін енгізу жұмыстары атқарылады.

7. Қазіргі сәтте Farabi HUB инновациялық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.

8. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің отырысында екі келісімге қол жеткізген болатынбыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі аясында суперкомпьютер орнату бойынша ресми құжатқа қол қойылды. Бұл ғылыми зертхана жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы ғалым-сарапшыларға деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

9. Екінші келісім 2025 жылдан бастап ҚазҰУ ғарышқа наноспутник ұшырады. 

Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен микроспутниктік ғылыми зерттеу жобаларын жүзеге асыру жоспарланды.

10. ҚазҰУ-дың Инновациялық технологиялар паркі өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығын ашуды қарастыруда.

Халықаралық байланыс – оқу орнының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі.

ҚазҰУ базасында Ресейдің МИФИ Ядролық-зерттеу университеті және Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, Ыстамбұл және Бішкек қалаларында Президент қатысуымен ҚазҰУ филиалдары  ашылды.

Болашақта Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде ҚазҰУ филиалын іске қосу жоспарланып отыр.

Университеттің 90 жылдығына орай, оқу корпустары мен жатақхана құрылысы басталды.

«Farabi Hup», суперкомпьютер, робототехника орталығы ашылуға дайын.

Биыл 1986 жылы салынған 3000 орындық стадион күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

Жаңа стадион Орталық Азиядағы Топ-1 талабына сәйкес, халықаралық стандарттармен қайта жасалды.

Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы да күрделі жөндеуден өтуде.

Жаңа үлгі бойынша ғимараттағы жиһаздар мен техникалық құрылғылар жаңартылуда.

Білікті ұжыммен және білімге ұмтылған жастармен бірге мерейлі жылды табыспен қорытындылаймыз деп ойлаймын.

Білім жолындағы ізденістеріңіз сәтті, қадамдарыңыз құтты болсын!

Студент атануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!