Саясат Нұрбек ҚазҰУ ғалымдарын марапаттады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамын арнайы наградалармен марапаттады.
Алдымен барша университет ұжымын 90 жылдығымен құттықтаған министр білім ордасының тарихына тоқталды. «Университет тарихына көз жүгіртер болсақ, қызық фактілер орын алады. Мәселен, 1930 жылдардың жартысында Кеңес өкіметі тұсында алғашқы ғылыми студенттік клуб осы ҚазҰУ-да құрылған екен. Ал 1972 жылы компьютер орталығы ашылған. Соғыс кезеңінде де білім ордасының ғалымдары мен студенттерінің үлесі зор болған. Мен жақында ғана Араб Әмірліктерінің ЖОО-ларына арнайы сапармен барып, ондағы білім беру мекемелерінің тарихи ұзақтығы 30 жылды қамтитынына таңғалып қайттым. Оларда ғылыми жүйе мен зертханалар жоқ. Ғылыми мектептер енді ғана қалыптасып жатыр. Демек, біздің елімізде бір ғасырға жуық тарихы бар білім мекемелеріміздің барлығы еліміздегі академиялық орта мен ғылымның көп елдерден көш ілгері екенін көрсетеді», – деді министр.
Ары қарай министр ҚазҰУ ғалымдарына арнайы наградаларды табыстады. «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен 19 оқытушы ғалым марапатталды. Қазақ тілінің мəртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқан 9 оқытушы «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін иеленсе, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» екі ғалымға төсбелгі тағылды.
Марапаттау салтанатында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев барша награда иегерлерін құттықтап, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке білім ордасының 90 жылдық мерейтойына орай, «Әл-Фараби» алтын медалін тақты. Сондай-ақ ректор білім ордасының 55 оқытушы-профессорына «Әл-Фараби» алтын медалін табыстап, жоғары оқу орнының 43 қызметкерін ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Барша университет ғалымдары мен қызметкерлерін жоғары марапаттарымен құттықтаймыз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


