ТДМ-17: Отбасы банк қызметкерлері «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша студенттерге ақпарат бердіFarabi University

ТДМ-17: Отбасы банк қызметкерлері «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша студенттерге ақпарат берді

3 ақпан, 2025

Оқу ордамызға 3 ақпан күні Алматы қаласы бойынша жауапты «Отбасы банк» қызметкерлері келіп, Тарих факультетінің студенттеріне 2024 жылдың басынан заңды түрде енгізілген «Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы ақпарат берді. Бұл жоба еліміздің болашағы – балалар мен жасөспірімдер үшін аса маңызды қаржылық қолдау құралы.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасының мақсаты – 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін арнайы жинақ есептерін ашу, сол арқылы Ұлттық қордан жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаражат түсіп отыруын қамтамасыз ету. Бұл жинақтар балалардың болашақта білім алу, тұрғын үй мәселесін шешу, сондай-ақ басқа да қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Жоба туралы ақпаратты жеткізу үшін университетімізге келген «Отбасы банк» мамандары, әсіресе 2006 жылы дүниеге келген студенттерге ерекше назар аударды. Себебі бұл студенттер жақын арада 18 жасқа толып, олардың жинақтары бойынша ақылы бөлімде білім алған жағдайда оқу ақысына, тұрғын үй сатып алу немесе басқа да мақсаттарға қаражат аудару мүмкіндігі пайда болды. Бұл жинақтардың мақсаты – студенттерге және олардың отбасыларына болашақта қаржылық қолдау көрсету, сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді пайдалану.

Тарих факультетінің студенттері өз жинақ қорлары мен тұрғын үй алу мүмкіндіктері туралы сұрақтарын қойып, «Отбасы банк» мамандарынан толық әрі нақты жауаптар алды. Сонымен қатар жинақ есебі жоқ студенттерге арнайы есеп ашу мүмкіндігі ұсынылып, банк қызметкерлері оларға бұл процессті қалай бастау және жүргізу керек екендігі жөнінде кеңес берді. Студенттер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жоғары бағалап, өз ризашылықтарын білдірді.