Пенсильвания университетімен ортақ жобалар іске асады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев АҚШ-тағы Penn state (Пенсильвания) университетінің магистратура және халықаралық бағдарламалар бойынша заң факультетінің вице-деканы Стивен Барнс пен «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаевты қабылдады.
Сұхбат барысында әріптестер жоғары білім және ғылым саласындағы серіктестікті арттыру бойынша пікір алмасты.
Жансейіт Түймебаев бұған дейін, 2023 жылы 23 қазан күні, Стивен Барнспен кездесіп, ҚазҰУ базасында Пенсильвания университетімен бірлескен ғылыми орталық немесе филиал ашуды ұсынған болатын. Ағымдағы жүздесуде тараптар аталған бастама бойынша алдағы уақытта жүйелі жұмыс істеуге және арнайы жұмыс тобын құруға уағдаласты.
Өз кезегінде Стивен Барнс ілтипат білдіргені үшін оқу ордасының басшылығына ризашылығын жеткізіп, қос университет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар ҚазҰУ студенттерін Пенсильвания университетіне оқуға шақырды.
Кездесуден соң құрметті қонақтар «Farabi Hub» орталығына барып, ондағы ғылыми орталықтар мен зертханалардың жұмыс нәтижелерімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі