Егде жастағыларға арналған «Ағылшын тілі» курсы басталдыFarabi University

Егде жастағыларға арналған «Ағылшын тілі» курсы басталды

7 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының базасында «Күміс университет» моделі аясында егде жастағы адамдарға арналған білім беру бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Ағылшын тілі» курсы басталды.

Курс Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мен Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылуда.

Курстар өмірін белсенді және қызықты өткізгісі келетін егде жастағы барлық адамдар үшін пайдалы. 

Іс-шараның мақсаты – егде жастағы азаматтардың зияткерлік әлеуетін дамыту, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және ағылшын тілін меңгеру арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.

Курстың негізгі міндеттері – егде жастағы азаматтарға ағылшын тілінің негіздерін үйрету және тілдік дағдыларын дамыту; олардың коммуникативтік қабілеттерін жақсарту арқылы әлеуметтік оқшауланудың алдын алу; белсенді өмір салтын насихаттау және жаңа білім алу арқылы өмір сапасын арттыру; тілдік білімді қолдану арқылы халықаралық ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті кеңейту.

Курстарды тәжірибелі оқытушылар жүргізеді, ал оқу бағдарламасы тыңдаушылардың жас ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген. Сабақтар интерактивті форматта өтеді, мұнда практикалық жаттығулар мен тілдік ортаны қалыптастыруға баса назар аударылады.

Бұл бастама егде жастағы азаматтардың өміріне жаңа серпін беріп, олардың өзін-өзі дамытуына және қоғаммен тығыз байланыста болуына ықпал етеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі