ҚазҰУ-дың «Farabi Robotics» орталығында инновациялық жобалар іске асырылудаFarabi University

ҚазҰУ-дың «Farabi Robotics» орталығында инновациялық жобалар іске асырылуда

7 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Робототехника күніне арналған іс-шара өтті. Жиынға келген қонақтар үшін «Farabi Robotics» индустриалды робототехника орталығына экскурсия ұйымдастырылды.

 

Фараби робототехника орталығының мамандары қонақтарға әртүрлі салаларға арналған роботты жүйелерді әзірлеу және енгізудегі жетістіктерді көрсетті.

Іс-шарада ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, орталық өнеркәсіп үшін озық роботтандырылған жүйелерді әзірлеп қана қоймай, аталған әзірлемелерді оқу процесіне енгізудің бірегей мүмкіндігіне ие екенін айтты.

Өз сөзінде проректор: «Ғылым, білім және өнеркәсіп ынтымақтастығы арқылы біз еліміздегі инновациялық өзгерістердің қозғаушы күші болатын экожүйені құра алатынымызға сенімім мол», – деп атап өтті.

Өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы инженерлік құзыреттер орталығы Дүниежүзілік банктің жобасы шеңберінде құрылды. Бұл Алматы қаласы бойынша «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының филиалымен серіктестікте «Өндірістік сектор консорциумдары: құзыреттер орталығы» гранты бойынша бірлескен еңбектің нәтижесінде мүмкін болды.

Салтанатты шарада Халықаралық инженерлік академияның вице-президенті Амандық Төлешов, AlmaU президенті Асылбек Қожахметов, Алматы қаласы бойынша АКҚ ИТП Индустрия 4.0 департаментінің сарапшысы Сәбит Рашев,  АММКZ директоры Максим Тарасов және басқалар сөз сөйледі. Баяндамашылар робототехника және цифрландыру саласындағы болашақ мамандардың біліктілігін арттыру үшін осындай орталықты құрудың маңыздылығына баса назар аударды.

Шара қонақтары жүйелерді автоматтандыруға, өндірісті оңтайландыруға және жасанды интеллект пен машиналық оқыту сияқты жаңа технологияларды дамытуға бағытталған роботтық шешімдермен танысты. Сондай-ақ академиялық қоғамдастық, бизнес және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері орталықтың студенттері мен қызметкерлерінің ғылыми жобалары және ғылыми әзірлемелерін талқылауға қатысты.

Алдағы уақытта жаңа орталық базасында түрлі білім беру бағдарламаларын, зерттеу жобаларын өткізу және робототехника саласындағы жетекші әлемдік университеттермен және компаниялармен ынтымақтастық жоспарлануда.

«Farabi Robotics» индустриалды робототехника орталығының қызметі инженерлік құзыреттерді нығайтуға және елдегі өндірістік робототехниканы дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның өндірістік және ғылыми қауымдастығымен байланысқан инновациялық экожүйені құруға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі