ТДМ-4: Студенттер «Ұмытыңдар оны...» тарихи қойылымын тамашалады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінің студенттері 11 ақпан күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында орыс драматургі Григорий Гориннің әлемдік театр классикасына айналған «Ұмытыңдар оны...» трагикомедиясын тамашалады.
Қойылымды қазақ тіліне белгілі қаламгер Құжырғали Төлеуішов аударып, сахналық нұсқасын дарынды режиссер Жұлдызбек Жұманбай қойды. Заманауи театр тәсілдері мен актерлік шеберліктің үйлесімі қойылымның әсерлілігін арттырып, көрермендерді ерекше толқынысқа бөледі.
Қойылымда ежелгі Эфес қаласында атақ үшін Артемида ғибадатханасын өртеген Геростраттың соты көрініс тауып, парасат пен зұлымдық, әділдік пен сатқындық, шындық пен жалған арасындағы тартыс шебер бейнеленді. Қойылым көрермендерді адамдық құндылықтар, атаққұмарлық және тарихта қалудың жолдары туралы терең ойға жетеледі.
Театр өнерінің заманауи тәсілдері мен актерлердің шеберлігі оқиғаның әсерлілігін арттырып, көрермендерге ерекше эмоция сыйлады. Қойылымнан кейін студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, театр ұжымының кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді. Бұл мәдени сапар олардың рухани дамуына ықпал етіп, сахна өнеріне деген қызығушылығын арттырды.
Білім ордамыздың Журналистика факультеті студенттерінің өнер ордасына жасаған бұл сапары – олардың мәдени білімін тереңдетіп, болашақ кәсіби бағыттарында жаңа қырларымен танысуына мүмкіндік берді.