Кітапханаға кітап сыйла!Farabi University

Кітапханаға кітап сыйла!

13 ақпан, 2025

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Фараби кітапханасы «Кітапханаға кітап сыйла!» атты дәстүрлі акциясын өткізеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кітапхана – мемлекеттің,  ұлттың негізгі жады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», – деп атап өтті.

Бұл акция кітапхана қорын байыту және оқырмандарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында ұйымдастырылатын қайырымдылық шарасы. Осы арқылы кез келген азамат өзінің жеке қорындағы кітаптарын кітапханаларға сыйға тартып, білім мен мәдениетті дамытуға үлес қосады.

Сыйға тартылған кітаптар классикалық оқу залындағы арнайы кітап бұрышына орналастырылады. Университеттің оқытушы-профессорлары, білім алушы жастары,  студенттік ұйымдар мен жекелеген адамдар сыйлаған кітаптар Фараби кітапханасының қорын толықтырады.

Акцияға қатысушылар ғылыми еңбек, оқу құралы, көркем әдебиет, сондай-ақ құнды басылым немесе қолжазбаларды сыйға бере алады. Сыйға қабылданатын кітаптарды кітапхана қорына қабылдауда тақырыптық, ғылыми, тарихи және көркемдік құндылығы ескеріледі. Кітапхана сыйлық кітаптар ретінде дәстүрлі (баспа) және электрондық түрде келесі құжаттар түрлерін қабылдайды:

  • оқу және оқу-әдістемелік басылымдар (соңғы бес жылда жарияланған);
  • ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдар (соңғы бес жылда жарияланған);
  • көркем альбомдар;
  • отандық және шетелдік көркем әдебиет;
  • кітапхана бағытына сәйкес келетін немесе жинақтағы жетіспейтін көшірмелерін қалпына келтіруге арналған журналдар;
  • сирек, бірегей және құнды қолжазбалар санатына жататын басылымдар.

Кітапты сыйға беріп, игілікті іске атсалысыңыздар!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі