ҚазҰУ-да «Қазақстанның жастары – жасампаз» атты патриоттық жиын өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, білім алушы жастарға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру мақсатында «Қазақстанның жастары – жасампаз» атты белсенді жастар жиыны өтті.
Еркін форматта өткен іс-шараға жастар ұйымдарының көшбасшылары, шетелдік студенттер, жас ғалымдар және қоғам өміріне белсенді атсалысып жүрген волонтерлар жиналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев университеттік ғылым студенттерден бастау алу керектігін атап өтіп, мемлекет және білім ордасы тарапынан жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ оқу орнының беделі білімге ұмтылған ізденімпаз жастар арқылы көтерілетінін жеткізіп, технология дамыған уақытта жастардың ғылымға жаңаша бет бұрып, тың инновациялық жобаларды іске асыруы қажеттігін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. Бұл өзгерістер әділетті Қазақстанды құру, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген», – деп атап өтті. Біздің ҚазҰУ жастары да жасампаздық танытып, тың идеялар мен игі істердің бастамашысы боларына кәміл сенемін», – деді Ж.Түймебаев.
Кездесу барысында белсенді жастар мен шетелдік студенттер сөз сөйлеп, өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
«8 ақпан күні Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Жаңа адамдар» атты жастар форумы өтті. Сол шараға университет атынан қатысып, қазіргі таңдағы аса өзекті әлеуметтік мәселелермен жұмыс жүргізіп жатқан замандастарыммен танысып қайттым. Форумда вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен, кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушылармен, есірткі таратушылармен күрес мәселелері қозғалды. Заң мен тәртіп үстемдігін орнатудың маңыздылығы талқыланды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеологиялық мәні түсіндірілді. Бүгін форумнан алған әсеріммен сіздермен бөлісе отырып, алдағы уақытта осы түйткілдерді бірге шешуге шақырамын», – деді Президент стипендиясының иегері, «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымының төрайымы Әйгерім Есімхан.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алу мен үшін мәртебе. Мен мұнда өз білімімді жетілдіріп жүрмін. Бұйыртса, білікті дәрігерлер қатарын толықтырып, халыққа адал қызмет ететін боламын», – деді шетелдік студент Насболла Файзи.
Бүгінде ҚазҰУ-да 54 мемлекеттен келген 4 мыңға жуық студент білім алуда. Кездесуде ректор шетелдік студенттердің белсенділігін арттыруды тапсырып, жас ғалымдардың стартап-жобалары мен креативті бастамаларды дамыту мен қолдауға дайын екенін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

