ҚазҰУ ректоры ҒЗИ басшыларымен кездестіFarabi University

ҚазҰУ ректоры ҒЗИ басшыларымен кездесті

20 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Ғылым ордасы» базасындағы ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен кездесті.

Жүздесуге ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, «Ғылым ордасы» РМК ғылыми кадрларды даярлау орталығының басшысы Алтын Уалтаева, Р.Сүлейменова атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Шолпан Жаманбалаева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермұханұлы, Экономика институтының директоры Еркін Садықов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, факультет декандары, ғалымдар қатысты.

Жиынға қатысушылар ҚазҰУ мен ҒЗИ арасындағы әріптестік байланысты одан әрі ілгерілету, ортақ білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру бойынша пікір алмасты.

Кездесу барысында Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, ғылымды дамытуда жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардың алар орны ерекше екенін баса айтты. Сондай-ақ отандық ғылымды нығайту ісі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін жеткізді.

Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев факультет декандарына «Ғылым ордасы» базасындағы ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.

Сонымен қатар университет тарапынан ғалымдарға және студент жастарға көрсетілетін қолдау мәселелері қаралып, зерттеу барысында туындайтын кедергілердің шешу жолдары талқыланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі