Академик Төлеген Тәжібаев туралы бес томдық жарық көрді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Төлеген Тәжібаевтың туғанына 115 жыл толуына орай, «Білім беру мен психология ғылымының дамуы: өткені, бүгіні, болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Халықаралық жиынға Қазақстан, Эстония, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдердің ғалымдары мен ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Конференцияда сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай: «Бүгінгі конференция мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Тәжібаевтың 115 жылдық мерейтойына арналып отыр. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейінгі жылдарда да ол жоғары мемлекеттік лауазымдарды атқарып, С.Киров атындағы ҚазМУ ректоры болды. Ол қазақ білімінің дамуына, отандық психология мен педагогика ғылымдарының қалыптасуына зор үлес қосты. Төлеген Тәжібаев көреген көшбасшы, гуманист, патриот және өз ісінің кәсіби маманы бола білді. Ол Қазақстанда тарихи-педагогикалық және психологиялық ғылымның қалыптасуының бастауында тұрып, психология мен педагогика саласындағы ғылыми мектептің негізін қалады», – деп атап өтті.
Пленарлық отырыста ерекше тапсырмалар бойынша елші, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірашов сөз сөйледі. «Төлеген Тәжібаев тек ҚазМУ ректоры ғана емес, сонымен қатар сыртқы саяси ведомство құрылған жылдары ҚазКСР Сыртқы істер министрлігінің бірінші халық комиссары болды. Оның дипломатиялық кадрларды даярлауға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол сол кездегі жаңа министрліктің алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруда зор еңбек етті», – деді Жәнібек Әбдірашов.
Пленарлық отырыс аясында академик Т.Тәжібаев туралы бес томдық басылым және оның қайта басылған «Жалпы психология» оқу құралының (құрастырып, баспаға дайындаған – филология ғылымының докторы, профессор Алмасбек Мәуленов) тұсаукесер рәсімі өтті.
Ғылыми жиында педагогика ғылымының кандидаты, ҚазҰУ профессоры, ардагер ғалым Жолмұхан Түркпенұлы, ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаш Аренова, Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Алмасбек Мәуленов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, продюсер, қобызшы Ләйлә Тәжібаева және басқалар баяндама жасады.
Конференция секциялық жиындарға жалғасып, онда ғалымдар білім және психологиялық ғылым тарихын, академик Т.Тәжібаевтың ғылыми идеялары мен басқару қызметі, психологиялық денсаулық, жеке адамның әл-ауқаты және басқа да өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


