Шоқантану мен аттилатануға арналған конференция өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті тарихшы-ғалым, испан тілінің маманы, Мадрид (Испания) университетінің профессоры Самат Көшенұлы Өтениязовтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әлем әдебиеті мен мәдениетіндегі Аттила тұлғасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға Түркияның Кастаному университетінің профессоры Орхан Сөйлемес, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Маханбет Жусупов, Бішкек мемлекеттік университетінің профессоры Доолотбек Сапаралиев және жергілікті ғалымдар, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушылар қатысты.
Конференция ашылуында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың мерейтой иесіне арналған құттықтау хаты оқылды.
Құттықтау хатта: «Құрметті Самат Көшенұлы! Сіз бұл белеске, тарих ғылымының кандидаты, көрнекті тарихшы, қоғамтанушы ғалым ретінде елеулі жетістіктермен көтерілдіңіз. Шоқантану, аттилатану саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын шығардыңыз. Испантілдес халықтардың мәдениеті мен тарихын зерделеп, испан тіліндегі көркем шығармаларды қазақ тіліне аудардыңыз. Университет өзіңіздей білікті ғалымдарын әрдайым мақтан тұтады», – делінген.
Профессор Самат Өтениязов Одессадағы Мечников атындағы мемлекеттік университетінің роман-герман филологиясы факультетін бітірген. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында жемісті еңбек етіп, Лондондағы Central Asia News File журналында Орталық Азия мен Қазақстан бойынша тілші болып, халықаралық журналистиканың дамуына үлес қосты. Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында испан тілінен сабақ беріп, Кубаның Қазақстандағы елшілігінде аудармашы және кеңесші қызметін атқарды.
Қазақ академиялық университетінде, Абылай хан атындағы Әлем тілдері университетінде және Қазақ-Америка университетінде испан тілі және латын тілінен дәріс оқыды. Бүгінде мол тәжірибесін қара шаңырақ ҚазҰУ-дың білім алушы жастарына үйретіп келеді.
Басқосуда Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Еренғайып Омарұлы, профессор Болат Көмеков, Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы университет ректоры Ақан Бекежан және т.б. танымал ғалымдар Самат Көшенұлының шығармашылығы мен тарихи зерттеулері жөнінде баяндама жасап, тың деректер келтірді.
Конференция барысында «Аттила – 1625» кітап көрмесі және Самат Көшенұлының «Әбілхайыр хан», «Ш.Ш.Уәлиханов – жиһангер зерттеуші» және «Attıla ve Avrasya tarıhındekı yerı» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Конференция жұмысы тақырыптық секцияларда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

