- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, медицина профессоры, Американдық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Шарман Алмаз Төрегелдіұлымен кездесу. Дәрістің тақырыбы: "Биомедицина. Жасанды интеллект және адамзаттың болашағы"
Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, медицина профессоры, Американдық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Шарман Алмаз Төрегелдіұлымен кездесу. Дәрістің тақырыбы: "Биомедицина. Жасанды интеллект және адамзаттың болашағы"

25-ақпан 2025 ж. сағат 14.00-де Фараби кітапханасының №408-залында Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарындағы №3-ші «Мықты денсаулық және әл-ауқат» мақсатын жүзеге асыруға орай, «Биомедицина. Жасанды интеллект және адамзаттың болашағы» тақырыбында Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман Төрегелдіұлы дәріс оқыды. Қазіргі таңда жасанды интеллектің медицина, биология салаларындағы ролін, нейробиология, физикалық және психикалық денсаулықтағы, дұрыс тамақтанудағы және өндірістік қауіпсіздіктегі маңыздылығын атап өтті. Медицинада және биологияда жасанды интеллекті қолдану ғалымдардың 50-100 жыл уақытта жасайтын ғылыми жұмыстарын 5-10 жыл ішінде жүргізуге болатындығын айтты. Медицинада жасанды интеллектті қолдану арқылы ауруларды басқаруға болатындығын, яғни жұқпалы аурулардың алдын алу, қант диабетін, семіздікті, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларын, аутоиммундық ауруларды емдеуді жақсартуда маңыздылығын атап өтті. Ғалымдардың зерттеулері бойынша (JAMA 2025) ChatGPT-4 нәтижелері көрсеткендей, науқасқа диагноз қоюда 95% дәлділікті көрсететіндігін анықтаған. Сонымен қатар, «Тағамдық денсаулық индексі» бойынша рейтингтік жүйе арқылы дұрыс тамақтануды ұйымдастыруда жасанды интеллекттің алатын ролі жоғары екендігін атап айтты. NutriSteppe-AI технологиясы кез-келген пайдаланушыға жеке ерекшеліктеріне сәйкес саламатты тамақтануды тез және ыңғайлы таңдауға, сондай-ақ тамақтану, денсаулықты сақтау және аурулардың алдын алу сұрақтары бойынша хабардар болуға мүмкіндік береді.
Профессор Алмаз Шарман қорытынды сөзін, «Тағам сіздің тағамыңыз емес, сіздің дәріңіз болсын», - деген Гиппократтың цитатасымен аяқтады. Жасанды интеллекттің медицинағы, дұрыс тамақтанудағы ролі туралы өткізілген дәріс өте ауқымды, толық, ақпаратты болды. Медицина және денсаулық сақтау, биология және биотехнология, ақпараттық технологиялар факультеттерінің студенттері, магистранттары, докторанттары және оқытушылары қызығушылықпен тыңдап, көптеген сұрақтар қойып, сұрақ-жауап түрінде толықтай талқыланып, қызықты, әсерлі өтті. Профессор белсенді қатысушыларға өзінің авторлық кітабын сыйға тартты. Біздің студенттермен керемет кездесу өткізгені үшін Қазақстанның профилактикалық медицина Академиясының президенті профессор Алмаз Шарман Төрегелдіұлына алғысымыз шексіз.
Басқа жаңалықтар

