Тіл мәдениетіне арналған семинар өтті

Фараби ғылыми кітапханасында белгілі ғалым Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Мәдениет тілі және тіл мәдениеті: ғалымдар мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Ғылыми жиын ғалым Шора Шамғалиұлы Сарыбаев жинаған және Шоқан Уәлиханов мұрасын зерттеуге арналған мұрағаттық материалдарды талқылауға арналды. Бұл қорды жеке мұрағаттың бір бөлігі ретінде 2023 жылы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтына Майра Шорақызы Сарыбай сыйға тартқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Түркітану және алтайтану ҒЗИ бірлесе ұйымдастырған шараға аталған ғылыми-зерттеу институтының және Фараби кітапханасының қызметкерлері, ғылыми қоғам өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Семинарға ҚазҰУ-дың Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры, Түркітану және алтайтану ҒЗИ атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова модераторлық етіп, жиын қатысушыларын таныстырды.
Алғаш болып Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай сөз алып, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филолог-түркітанушы және педагог Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың еңбегін атап өтті.
Іс-шарада филология ғылымының кандидаты, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Ғылыми зерттеулер әдіснамасы кафедрасының профессоры Майра Сарыбай, филология ғылымының кандидаты, доцент, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері Қайрат Жаңабаев, тарих ғылымының кандидаты, профессор, ХАА академигі, ҚХА мүшесі, ҚХА ҒЭГ мүшесі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры Меңдіғаным Жамалбекқызы және басқалар баяндама жасады.
Шара соңында Шора Шамғалиұлының қызы Сара Сарыбай ғалымның 100 жылдығына орай, Фараби ғылыми кітапханасына Шора Сарыбаевтың «Филолог әлемі» атты кітабын сыйға тартты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


