Құқықтық зерттеу орталығы ашылдыFarabi University

Құқықтық зерттеу орталығы ашылды

11 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай – Орталық Азия құқықтарды анықтау және зерттеу орталығының салтанатты ашылуы өтті.

 

Орталық заң саласындағы біліммен, зерттеулермен және озық тәжірибелермен алмасу алаңы ретінде қызмет атқаратын болады. Бұл академиялық қоғамдастық үшін де, жалпы қоғам үшін де үлкен пайда әкелетіні сөзсіз.

Орталықтың ашылу салтанатына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен заң факультетінің басшылығы, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері, ғалымдар мен студенттер қатысты.

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзімен ашты. «Орталық Қазақстан мен Қытай арасындағы құқықтық саладағы әріптестікті одан әрі нығайту, бірлескен ғылыми жобаларды жүргізу, академиялық ұтқырлықты дамыту және халықаралық деңгейде білім беру бағдарламаларын жетілдіру үшін үлкен алаңға айналады. Орталықтың жұмысы болашақ заңгерлер мен ғалымдардың кәсіби біліктілігін арттырып, құқықтық зерттеулер мен инновацияларға тың серпін беретініне сенімдімін», – деді университет басшысы.

Іс-шараға сонымен қатар Солтүстік-батыс саясаттану және құқық университетінің партия хатшысы Чжао Вандун, Халықаралық құқық мектебінің деканы, Құқықтық сараптама және зерттеулер орталығының атқарушы директоры Лю Яцзюнь және т.б. қатысты.

Шара аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Солтүстік-батыс саясаттану және құқық университеті арасында екіжақты әріптестік пен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жаңа кезеңін ашатын меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ шараның құрметті қонақтары мен қатысушылары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Қытай – Қазақстан құқықтық зерттеулер орталығында болып, жұмысымен танысты.

Қытай – Орталық Азия құқықтарын анықтау және зерттеу орталығы студенттер, зерттеушілер мен практиктер үшін жаңа көкжиектер ашып, екі ел арасындағы академиялық байланысты тереңдетуге ықпал етеді. Орталық Шығыс пен Батыс арасындағы көпір ретінде Қазақстанның стратегиялық рөлін көрсететін «Бір белдеу – бір  жол» бастамасының маңызды буынына айналады.

 

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі