Д. Назарбаева ҚазҰУ-да білім саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы жаңа қадамдарды талқылауға қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Вице-премьері Дариға Назарбаева әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болып, ондағы инфрақұрлымдық нысандармен танысты және ЖОО-ның активімен кездесті. Бұл туралы осы оқу орнының баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың проблемаларын, сондай-ақ саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша алдағы қадамдарды талқылады.
Д. Назарбаева оқу орнындағы нысандармен танысқаннан кейін өз сөзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің мақтанышы екенін атап өтті
«Бүгінде біз Үкіметте білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылаудамыз. Осы орайда Сіздерден қандай проблемаларды ескеру керектігін, мемлекеттік бағдарламада қай бағыттарға назар аудару қажет жайында білгім келеді»,-деп тоқталды вице-премьер.
Талқылаулар барысында білім беру бағдарламаларының тәуелсіз халықаралық аккредитациясы мен мамандар сетификациясының мәселелері, сондай-ақ ЖОО қоғамдастығының кәсіби стандарттарды әзірлеу мен мектеп оқулықтарын даярлауға қатысуы тақырыбы қозғалды.
ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов Қазақстандағы жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сонымен қатар ғылым, білім және өндіріс интеграциясының жаңа моделін жүзеге асыру мәселелерін көтерді.
Оның пайымынша, Назарбаев Университетінің тәжірибесінің трансляциясы негізінде еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттеріне трансформациясы бағдарламасын әзірлеу мен іске асыру қажет.
Кездесу қорытындысы бойынша Д. Назарбаева білім беру мен ғылыми бағдарламаларды бұдан ары қарай жетілдіру бойынша тиісті тапсырмалар беріп, отандық ЖОО-ларды жоғары және одан кейінгі білім саласына бизнесті белсенді тартуға шақырды.
http://www.inform.kz/kaz/article/2861254