ҚазҰУ магистранттарының жобасы Қытайда жүлде алдыFarabi University

ҚазҰУ магистранттарының жобасы Қытайда жүлде алды

17 наурыз, 2025

Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ҚазҰУ филиалындағы магистранттардың «Сүт безі қорғаушысы – ісік пен аурудың метастаздарын болжауға арналған жүйе» атты инновациялық жобасы күміс медаль жеңіп алды.

Білім алушылар бұл жеңіске «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қытай университеттері студенттерінің ХІV халықаралық Challenge Cup кәсіпкерлік жобалар байқауында қол жеткізген.

Қытайда өткен ғылыми байқауға әлемнің 60-тан аса елінен 2700-ден астам университет пен колледж, 390 мыңнан астам кәсіпкерлік жоба және 3 миллионнан астам білім алушы жас қатысты.

ҚазҰУ ұсынған жобаға PhD, аға оқытушы Базаргүл Мәткерім, PhD, доцент Бейімбет Дәрібаев, PhD, профессор Чжан Ю және PhD, профессор Пан Лэй жетекшілік етті.  Жоба тобының құрамында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының «Компьютерлік   ғылымдар және технологиялар» мамандығының 2-курс магистранттары Мұрат Ержанұлы, Гаухар Исаева, Төреғали Әмір және ҚазҰУ-дың «Компьютерлік инженерия» мамандығының 2-курс магистранты Нұртуған Азатбекұлы бар.

Бұл инновациялық жоба арнайы жасалған киілетін құрылғы арқылы сүт безі обырын ерте кезеңде анықтауға, нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге және жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы диагноздың дәлдігін арттыруға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі