«Физхимик – 2025» олимпиадасының үздіктері анықталдыFarabi University

«Физхимик – 2025» олимпиадасының үздіктері анықталды

20 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде профессор Х.Қ.Оспанов атындағы «Физхимик – 2025» халықаралық олимпиадасы өтті.

Олимпиада жоғары білім сапасын, түлектердің тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бағытында еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Новосібір мемлекеттік техникалық университеті және басқа да ЖОО-лардың  үшінші, төртінші курс студенттері қатысты. Олар өз университеттерінде іріктеу кезеңінен сәтті өткен талантты жастар.

Олимпиаданның ашылуында химия және химиялық технология факультетінің деканы, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор Алина Галеева, Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.д., профессор Ермек Әубәкіров, Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының профессоры Әлия Оспанова сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Екі кезеңді қамтыған олимпиада аралас форматта (онлайн/офлайн) өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар «Физикалық химия» курсының бөлімдері химиялық термодинамика және химиялық кинетика бойынша тест тапсырмалар арқылы сыналды. Тестілеу «Kahoot» білім беру платформасында өткізілді. Екінші кезеңде қатысушылар үш сағат ішінде әртүрлі қиындықтағы үш есепті шығарды. Барлық тапсырмалар студенттердің физика-химия саласындағы когнитивті, функционалдық және жүйелік құзыреттіліктерін анықтауға бағытталған.

Олимпиадаға қатысушылардың жұмыстарын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, НМТУ, Мирзо Ұлықбек атындағы ӨҰУ және И.Арабаев атындағы КМУ жетекші оқытушыларынан құралған қазылар алқасы тексерді. Жұмыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады. Осылайша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Мақсат Еркешов пен Асқар Мұқанов I дәрежелі дипломды иеленсе, II дәрежелі дипломмен Илья Бондарчик (НМТУ), Артем Лаптинов (НМТУ) марапатталды. Ал III дәрежелі диплом Тамерлан Массагутов (ЕҰУ), Татьяна Борисова (НМТУ), Дмитрий Зуев (НМТУ) және Гүлмай Жұмановаға (ҚМУ) бұйырды. Олимпиадаға қатысқан басқа да білім алушы жастарға белсенді қатысқаны үшін сертификат табысталды.

Осылайша демеушілердің көмегімен олимпиада жеңімпаздары I орын үшін – 100 000 теңге, II орын – 75 000 теңге, III орын үшін – 50 000 теңге көлемінде ақшалай сертификатқа ие болды.

Профессор Ермек Әубәкіровтің жетекшілігімен шараны өткізу мен  ұйымдастыруға Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының барша оқытушылары мен докторанттары және студенттер белсенділік танытты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі