Түркі тілдерін дамыту мәселелері талдандыFarabi University

Түркі тілдерін дамыту мәселелері талданды

27 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ш.Уәлихановтың 190 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Дәуір және тұлға: жыраулар мен қазақстандық зерттеушілердің шығармашылық түрлерін тілдік таныстыру» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шара «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстанның түркі тілдері: графикадан – эпикалық мәтінге дейін» ғылыми жобасының шеңберінде ҚР ҒЖБМ 2024-2026 жылдарға арналған Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша өткізілді. Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркітану және алтайтану ҒЗИ және Фараби кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды. 

Жиынды тарих ғылымының кандидаты, ХАА академигі, ҚХА мүшесі, ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры Меңдіғаным Шаймерденова ашты. Ол өз сөзінде шараның білім беру сапасын арттыру, ғылыми лингвистикалық мектеп, білім беру, ғылым және практикалық қызметті интеграциялау факторы ретінде гуманитарлық білімнің даму тенденциялары туралы тәжірибе мен пікір алмасуға бағытталғанын атап өтті.

Түркі әлемі елдерінде тіл ұлттық егемендік пен бірліктің символы болып табылады және жаһандану мен белсенді урбанизацияға байланысты тәуекелдерге қарамастан, жас ұрпақ ана тілдерін сақтау және жаңғырту бойынша түрлі бағдарламалар жасауға белсенді қатысады. Алдағы күзде ҚазҰУ-да «Этнотілдік әртүрлілік және түркі мұрасы» атты III халықаралық форумды өткізу жоспарланып отыр. Форум аясында мәдени дипломатия бойынша педагогтар мен мұғалімдердің, докторанттардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралар өтеді.

Ғылыми жиында қазіргі лингвистиканың өзекті тақырыптары бойынша ф.ғ.д., Түмен индустриалды университетінің Мәдениетаралық коммуникация кафедрасының профессоры Салтанат Мақашева (Ресей), Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, ҚХА ҰЭЖ мүшесі Майнұр Бөрібаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент Қайрат Жаңабаев және басқалар баяндама жасады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар түркі тілдеріне, мәдениетке, тілдік байланыстарға және аталған бағытта жұмыс істейтін ғалымдардың зерттеулеріне қатысты маңызды мәселелерді талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі