Almatyfair.ai форумында ҚазҰУ жобасы таныстырылдыFarabi University

Almatyfair.ai форумында ҚазҰУ жобасы таныстырылды

31 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Алматы қаласында өткен  Almatyfair.ai жасанды интеллект саласындағы ауқымды шараға қатысты.

Жасанды интеллектіні дамытудың заманауи сын-қатерлері мен келешегін талқылауға арналған шараға жетекші сарапшылар, зерттеушілер, кәсіпкерлер, мемлекеттік және білім беру мекемелерінің өкілдері жиналды.

Форумның негізгі шараларының бірі «AI саласындағы әйелдерге арналған білім беру: цифрлық дәуірдегі жаңа мүмкіндіктер» атты панельдік сессиясы болды. Сессия жұмысына  ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі әрі университеттегі «Қазақ тілін және технологиялық прогресті қолдау үшін үлкен тілдік модель (LLM) құру» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасының жетекшісі Мәдина Мансұрова қатысты.

Жобаның мақсаты – Қазақстанда мемлекеттік және мәдениетаралық қарым-қатынас тілі ретінде қазақ тілін қолдауға, технологияларды дамытуға, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, білім беруді дамытуға және ғылыми зерттеулерді жетілдіруге ықпал ететін қазіргі заманауи ауқымды тіл моделін (LM) құру. LM негізінде цифрлық шешімдерді әзірлеу және енгізу Қазақстан бизнесін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Панельдік сессия барысында қатысушылар AI әйелдердің кәсіби өсуі үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашады; әйелдерге жаңа технологияларды игеруге не кедергі; кедергілерді қалай еңсеруге және AI саласындағы білімге тең қолжетімділікті қалай қамтамасыз етуге болады деген тақырыптарды талқылады.

Мәдина Мансұрова инклюзивті білім беру ортасын құрудың, технологиялық саладағы әйелдерді қолдаудың және оқыту мен кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейту үшін AI-шешімдерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Almatyfair.ai технология және білім беру саласындағы өзекті міндеттерді шешу үшін жетекші мамандарды біріктіре отырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы жасанды интеллектіні дамыту орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтуға арналған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі