Ұлттық құрылтайдағы маңызды бастамалар талқыландыFarabi University

Ұлттық құрылтайдағы маңызды бастамалар талқыланды

1 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Бурабайда өткізген IV Ұлттық құрылтайын талқылауға арналған «Қазақстанның болашағы: бірлік, даму және жаңғыру» атты шара өтті.

Жиынға университет басшылығы, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Мәлік Нұржанұлы Ұлттық құрылтайда көтерілген түйткілді мәселелерге тоқталды. «Мемлекет басшысы салық реформасы туралы қоғамның көкейінде жүрген көп сауалға жауап берді. Олардың ең басында тұрған мәселе – заң мен тәртіп қағидаты. Бұл туралы Президентіміз салық жүйесін заң мен тәртіпке бағындыру қажеттігіне ерекше назар аударады. Демек, бұл еліміздің әрбір азаматының ұстанымы болуы тиіс», – деді Президент кеңесшісі.

Өз кезегінде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ұлттық құрылтайда Президент жүктеген басты міндеттер мен өзекті мәселелерді атап өтті. «Жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету, оларды ел дамуына белсенді араласуға шақыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі», – деді ректор. Сонымен қатар университет басшысы еліміздің стратегиялық дамуы мен ұлттық бірегейлігін нығайту бағытына да баса назар аударды.

Сондай-ақ жиында оқытушы ғалымдар елдің саяси және экономикалық дамуы, білім беру мен ғылым саласындағы реформалар, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту мәселелері бойынша өз зерттеулері мен тәжірибелері аясында сараптап, олардың өзектілігі мен шешу жолдары жөнінде ой бөлісті.

Жиын соңында университет ғалымдары Ұлттық құрылтайдың шешімдерін қолдайтындықтарын білдіріп, олардың жүзеге асуына ықпал ететін ғылыми және сараптамалық жұмыстарды жүргізуге дайын екендерін жеткізді. Кездесуге қатысушылар Қазақстанның тұрақты дамуы үшін білім мен ғылымның стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі