ҚазҰУ студенттері сот сараптамасын жүргізедіFarabi University

ҚазҰУ студенттері сот сараптамасын жүргізеді

4 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған «Ғылым, бизнес және өндіріс ықпалдастығы» атты форум қатысушылары «Farabi HUB» ғылыми орталығындағы Сот сараптамалары орталығының жұмысымен танысты.

 

2016 жылы құрылған Сот сараптамалары  орталығы бүгінде соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған.

Аталған орталық отандық жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет ашылған. Сонымен қатар алғашқылардың бірі ретінде  сот сараптамасын жасайтын мамандарды даярлау бойынша лицензия иеленген.

Орталықта студенттер, магистранттар мен докторанттар білімдерін жетілдіріп, тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ ату құралдары, трасологиялық, баллистикалық, компьютерлік, молекулалық-генетикалық бағыттар бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндік бар.

Мұнда Ұлыбритания және Түркияда «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып, біліктілігін арттырған ҚазҰУ оқытушылары студенттерге дәріс береді.

Сондай-ақ орталықта қылмыскерді иіс арқылы табу қорабы, ату құралдарын талдайтын аппарат бар.

Сот сараптамалары орталығының мамандары болашақта ҚазҰУ-дағы факультеттермен бірлесіп ІТ, химия,  физика, биология салалары бойынша мамандар даярлауды және ортақ зерттеулер жүргізуді көздеп отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі