ҚазҰУ ғалымдары отандық медицина саласын дамытуда

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Ғылым, бизнес және өндіріс ықпалдастығы» тақырыбындағы форумға қатысушылар Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында дайындалған өнімдерді көрді.
Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу. Яғни ғылыми орталықтың нәтижелі жұмысы елімізде көптеген түйінді мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда елімізде өсетін дәрілік өсімдіктерді пайдалану арқылы көптеген әсерлі, табиғи негіздегі дәрілік заттардың, оның ішінде сырттан импортталып жатқан көптеген дәрілердің Қазақстанда өндірілуіне мүмкіндік ашылады. Орталық еліміздің медицина саласының өркендеуіне де, ел экономикасының дамуына да үлкен үлес қосады.
Бүгінде өндіріс соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда өндірісте тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Сондай-ақ қант диабетіндегі қант деңгейін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

