Жасанды интеллектіні дамыту жеделдетіледі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Ғылым апталығы» аясында оқу ордасының оқытушы-ғалымдарымен кездесу өткізді.
Жиында университеттік ғылымды ілгерлету және цифрландыру шаралары, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамыту мәселесі қаралды.
ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев барлық сала қазіргі таңда жасанды интеллектінің көмегімен дамып жатқанына тоқталды.
«Бүгінде жасанды интеллект технологиясы қарқынды даму үстінде. Дегенмен біз соның қауіпсіздігін алдын-ала отырып, отандық ІТ саласын дамытуға өз үлесімізді қосуымыз қажет. Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылды. Ол отандық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Яғни ғалымдардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, нәтижені жеделдетеді. Жоғары технологиялық құрылғы деректерді жинау, есептеу техникаларды шешу сынды жұмыстарды атқарады.
Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопсты құрайды. Сондықтан ҚазҰУ ғалымдары аталған суперкомпьютердің күшін пайдалана отырып, жасанды интеллектіні дамыту бойынша ұсыныстарын қарастырулары қажет», - деді Жансейіт Түймебаев.
Өз сөзінде ректор жасанды интеллект технологиясын меңгеруде оқу ордасының оқытушы-ғалымдарын шетелге тағылымдамаға жіберу мәселесін көтерді.
Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ базасында жасанды интеллект факультетін құру жөнінде ұсынысын жеткізді. Бұл өз кезегінде осы саладағы білікті мамандарды көбейтуге, жастардың шетелге бармай Қазақстанда білім алуына, жасанды интеллект арқылы жасалатын киберқауіпсіздіктің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында білім ордасының басшысы жауапты мамандарға аталған ұсыныс-пікірлерді жүзеге асыруда арнайы жұмыс тобын құрып, жұмыс жоспарын бекітуді тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

