ҚазҰУ «Ғылымға қадам» челленджіне үн қосты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылым күніне орай, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары жолдаған «Ғылымға қадам» челленджін қолдады.
ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Әсел Абдуллаева қазіргі таңда оқу ордасының география және табиғатты пайдалану факультетінде жұмыс істейді. Жас ғалымның айтуынша, ғылымға деген қызығушылық университеттегі оқытушылары берген білім мен бағыт-бағдардың арқасында қалыптасқан.
«Докторантурада оқып жүріп, Іле Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан мұздықтық-мореналдық көлдердің ақтарылу қауіптілігін ГАЖ технологиялары және Жерді қашықтықтан зондтау әдісі арқылы бақылау жұмыстарын жүргіздім. Бұл зерттеу нәтижелері Іле Алатауының төменгі бөлігінде орналасқан елді мекендер мен шаруашылық нысандарды, инфрақұрылымды қорғауда аса маңызды. Бұл менің ғылым жолындағы бірінші қадамым. Екінші қадамым өзім білім алған жоғары оқу орнында жұмыс істеуіммен байланысты. Ғылым – тұрақты болашаққа апарар жол», – дейді Әсел Сәбитқызы.
Әсел Абдуллаева – 2025-2027 жылдарға арналған жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы.
#Ғылымға алғашқы қадамым
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
