ҚазҰУ-да корейтану конференц-залы ашылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «Shinhan Financial Group» компаниясының демеушілігімен SFG корейтану залының салтанатты ашылуы өтті.
Корейтану саласындағы білім мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдауға бағытталған бұл жоба – ҚазҰУ мен «Shinhan Financial Group» арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің жемісі.
Салтанатты шарада ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Сәбит Суатай және «Shinhan Financial Group» компаниясының төрағасы Чжин Ок Донг факультет ұжымын айтулы оқиғамен құттықтады. Олар бұл бастама Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени және академиялық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ жиынға Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушы-профессор құрамы, студенттер және Оңтүстік Кореяның ірі қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты шара аясында «Shinhan Financial Group» компаниясы Қиыр Шығыс кафедрасының үздік студенттеріне стипендия табыс етті. Сонымен қатар Чжин Ок Донг мырза студенттермен еркін форматта кездесу өткізіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Жаңадан ашылған конференц-зал заманауи мультимедиалық жабдықтармен толық қамтылған. Бұл студенттер мен оқытушыларға корей тілі мен мәдениетін терең меңгеруге, заманауи форматта білім алуға мол мүмкіндік береді. Университет басшылығы бұл жобаның білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ студенттердің халықаралық тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейтуге оң әсер ететінін атап өтті.
Айта кету керек, «Shinhan Financial Group» компаниясымен білім беру саласындағы ынтымақтастық өз жалғасын табуда. Компания тарапынан Қиыр Шығыс кафедрасы корейтану бөлімінің студенттеріне жыл сайын тағайындалатын шәкіртақылар білім алушылардың оқуға деген ынтасын арттырып, Қазақстандағы корейтану ғылымының дамуына және Корея Республикасының оң имиджін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.
2010 жылдан бері 100-ге жуық студент 200-300 АҚШ долларын құрайтын шәкіртақыға ие болды. Сондай-ақ «Shinhan Financial Group» компаниясының Қазақстандағы өкілдігі «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ болашақ корейтанушылар үшін тәжірибе жинақтаудың тиімді алаңына айналды. Серіктестік басталған уақыттан бері ҚазҰУ студенттері осы банкте өндірістік тәжірибеден өтіп, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруда. Соңғы жылдары өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің банкке жұмысқа орналасу көрсеткіші де артып келеді. Қазіргі таңда корейтану бөлімінің 15 түлегі «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ-ында түрлі лауазымдарда қызмет атқаруда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
