Ғылыми басылымды дайындау тәжірибесіFarabi University

Ғылыми басылымды дайындау тәжірибесі

11 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылым қызметкерлері күніне орай, ғылыми журналдарды халықаралық деңгейге шығару және оларды Scopus деректер базасына енгізу мәселесіне арналған семинар өтті. Шараға ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшелері, бас редакторлар, жас зерттеушілер мен докторанттар қатысты.

Семинарды Engineered Science Publisher баспасының бес журналының редакциялық алқа мүшесі және Advanced Composites and Hybrid Materials журналының редакторы, Scopus базасында мол тәжірибесі бар ғалым, PhD, профессор Жексенбек Тоқтарбай жүргізді.

Жексенбек Тоқтарбай өз сөзінде ғылыми журналдарды Scopus халықаралық индекстеу базаларына енгізу жолдарын, ғылыми басылымдардың сапалық көрсеткіштерін көтеру тәсілдерін және халықаралық басылым талаптарына сай келудің нақты тетіктерін атап өтті. Ол Scopus-қа кіретін журналдың құрылымы, этикалық талаптары, рецензиялау процесі туралы кең көлемде түсіндіріп, өзінің көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып нақты мысалдар келтірді.

Айта кету керек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Scopus дерекқорында индекстелетін төрт журнал бар.  Олар – International Journal of Mathematics and Physics, Physical Sciences and Technology, «ҚазҰУ Хабаршысы. Математика, механика, информатика сериясы» және жақында ғана аталмыш дерекқордың тізіміне енген International Journal of Biology and Chemistry журналы.

Алдағы уақытта Жексенбек Тоқтарбаймен бірлесе отырып, ҚазҰУ ғылыми журналдарын осы дерекқорға енгізу бойынша белсенді жұмыстар жоспарлануда.

Семинар аясында жас ғалымдарға ғылыми мақалаларды дайындау жолдары, авторлар мен редакторлардың халықаралық стандарттарды сақтауы және тиімді тақырыптарды таңдау сияқты өзекті мәселелер қамтылды. Жас ғалымдар өз кезегінде сұрақтар қойып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Мұндай семинарлар ғылымды дамытуға, ғылыми журналдардың беделін арттыруға және халықаралық ақпараттық кеңістікке шығуына серпін беретіні сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі