Білім беру бағдарламаларын жаңарту

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Бизнес және басқару» бағыты бойынша кадрлар даярлау жөніндегі Оқу-әдістемелік бірлестіктің «Менеджмент және мемлекеттік басқару білім беру бағдарламаларын дамытудың заманауи тәсілдері» тақырыбында мәжілісі өтті.
Жиынға оқытушы-ғалымдар, Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының Даму орталығы, Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Astana Motors» компаниясы, ID Group ғылыми-практикалық орталығы, КСЖ «Көммеск-Өмір» өкілдері қатысты.
Шарада «Бизнес және басқару» секциясының төрағасы, ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы м.а. Ғалия Дәулиева, Оқу-әдістемелік бірлестіктің ғылыми хатшысы Ақмарал Сырғақбекова, Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (НААР) бас директорының кеңесшісі, э.ғ.д., профессор Ольга Яновская, Алматы қаласы әкімдігі Қаржы басқармасы басшысының орынбасары Жанара Жазылтаева және басқалар баяндама жасады.
Мәжіліс барысында «Менеджмент», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, қоғамдағы заманауи сын-қатерлер мен трансформацияларды ескере отырып жетілдіру мәселелері талқыланды. Әсіресе әлеуметтік және цифрлық трансформация жағдайында тиімді әрекет ете алатын жаңа буын басқарушылардың құзыреттерін қалыптастыруға баса назар аударылды.
Қатысушылар мамандарды даярлау тек қана еңбек нарығының қазіргі сұранысымен шектелмеуі керек екенін атап өтті. Қазіргі уақытта болашақты болжай отырып әрекет ету – стратегиялық ойлау, бейімділік, аналитикалық қабілет пен цифрлық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін дамыту аса маңызды. Білім беру бағдарламалары басқару саласында өзгермелі ортада бейімделе алатын, жаңашыл әрі тұрақты кадрлар даярлауға бағытталған болуы тиіс.
Сондай-ақ жиында жасанды интеллект және big data технологияларын басқару мамандарын даярлауға енгізу, мемлекеттік басқаруда аналитикалық әдістерді пайдалану, сондай-ақ практикалық бағыттағы оқытудың маңыздылығы кеңінен талқыланды. Осы контексте кәсіби бағдар, тәжірибеден өту, және жұмыс берушілермен тиімді ынтымақтастық орнату мәселелері де қозғалды. «Astana Motors» компаниясы мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді атап өтті.
Мәжіліс қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіруге бағытталған қарар қабылданып, онда цифрлық құзыреттіліктерді дамыту, оқу мазмұнының практикалық бағыттылығын күшейту, инновациялық әдістер мен серіктестік негізінде оқыту сапасын арттыру секілді басым бағыттар белгіленді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

