ҚазҰУ-дың жас ғалымы тәжірибесімен бөлісті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, «Экология және биоресурстар тұрақтылығы» ҒЗИ директорының орынбасары Жандос Тауанов Астанада Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Жас ғалым» І республикалық форумына қатысты.
Форум делегаттары еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту және ғылыми қауымдастықтарды ілгерілетуге қатысты ұсыныстарын ортаға салып, өзекті мәселелердің ғылыми тұрғыдан шешу жолдарын талқылады.
ҚазҰУ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы форумда баяндама жасап, ғылым жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, «Болашақ» бағдарламасы аясындағы шетелдік тағылымдамалар мен постдокторантураның маңызы туралы айтты.
Жас ғалым, PhD доктор Жандос Тауанов қазіргі таңда техногендік қалдықтардан алынған наноматериалдарды суды тазартуда қолдану бағытында жүргізіп жатқан ғылыми жобасын таныстырды. Сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы мен халықаралық ынтымақтастықтың жас зерттеушілер үшін маңыздылығын атап өтті.
Спикер өз баяндамасында ҚазҰУ-дың жас ғалымдарды қолдауға бағытталған бастамаларына тоқталды. Университетте 2025 жылы «Жас ғалым» жобасы аясында 32 жас зерттеуші өз ғылыми жобаларын іске асыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар ҚазҰУ базасында «Farabi Hub», «Farabi Chem Science» сынды ғылыми кластерлер, технопарк, қашықтықтан зондтау, робототехника және жасыл технологиялар бағытында бірқатар зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар жас ғалымдарға ғылыми идеяларын жүзеге асыруға, стартап жобаларды дамытуға және халықаралық басылымдар мен патенттер дайындауға қолайлы орта ұсынады.
Жиын соңында Жандос Тауанов келесі «Жас ғалым» II форумын Алматы қаласында, ҚазҰУ кампусында өткізуді ұсынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі