
2025 жылдың 14 сәуірінде 5-ТДМ «Гендерлік теңдік» бағыты аясында университет қабырғасында «Ғылым мен бизнестегі әйелдер» тақырыбында ашық тәрбие сағаты болды. Аталмыш іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушылары, ф.ғ.д. Г.Ж. Болатова, PhD Г.Т. Оспанова, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, пед.ғ.к. Б.И. Иманбекова, сондай-ақ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры м.а., психол.ғ.к. Н.С. Жұбаназарованың жетекшілігімен «7М02309 – Әдебиеттану» және «7М01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерге ғылым мен кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің рөлін таныстыру, көшбасшы әйелдердің жетістіктері арқылы ой бөлісуге мүмкіндік жасау, сондай-ақ командалық жұмыс пен сыни ойлау дағдыларын дамыту болды.
Ашық тәбие сағаты барысында қатысушыларға ақпараттық материалдар ұсынылып, мозаика құрастыру, сөзжұмбақ шешу сияқты интерактивті тапсырмалар орындалды. Бұл арқылы студенттер білімдерін бекітіп қана қоймай, пікірталасқа белсене қатысып, өз көзқарастарын ашық білдіруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар тарапынан кері байланыс жүргізіліп, жастардың эмоционалдық ахуалын бақылау мен ынталандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады.
Жалпы, дөңгелек үстел ғылым мен бизнестегі әйелдердің жетістіктерін кеңінен талқылап, студенттерге тың ой тастады. Көпшілік үшін бұл шара тек ақпарат алмасу ғана емес, сонымен қатар шабыт пен сенімділік көзіне айналды.
Педагогикалық практика аясында өткен бұл ашық тәрбие сағатын ұйымдастыруға «7М02309 – Әдебиеттану» және «7М01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары Ахан Ұлжалғас, Ашимова Айшагуль, Әбілда Бекзат, Байбатырова Арайлым, Галпай Ұлжан, Орал Самат, Тілеубек Ермек белсенді атсалысты.
Осындай шаралар – жастардың дүниетанымын кеңейтіп, гендерлік теңдік ұғымын тереңірек түсінуге жол ашады. Ғылым мен бизнесте ерлермен қатар еңбек етіп жүрген әйелдердің табандылығы мен көшбасшылық қасиеті – болашақ ұрпаққа үлгі. Ашық тәрбие сағаты кезінде айтылған ойлар мен пікірлер студенттерге сенім мен жігер сыйлап, алға ұмтылуға шабыттандырды.
Басқа жаңалықтар


