Малайзия университеттерімен ғылыми байланысFarabi University

Малайзия университеттерімен ғылыми байланыс

14 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Саравах Малайзия университетінің вице-канцлері, ректор Ахмад Хата Расит бастаған делегацияны қабылдады.

Мәртебелі қонақтар ҚазҰУ мұражайын аралап, университет басшылығымен жүздесіп, пікір алмасты.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың қызметі мен жетістіктеріне тоқталып, оқу орны ғылым, білім саласында Малайзия университеттерімен тығыз байланыста екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде. Қазіргі таңда білім ордасы Малайзияның сегіз жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінгі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапарыңыз екіжақты серіктестікті арттыруға тың серпін береді деп санаймын. Біз Саравах Малайзия университетімен әріптестік байланысты нығайтуға дайынбыз», – деді ректор.

Өз кезегінде Ахмад Хата Расит ілтипат білдіргені үшін оқу ордасының басшылығына ризашылығын жеткізіп, өзара серіктестіктің жемісті боларына сенім білдірді. Сонымен қатар Саравах Малайзия университетінің қызметі мен тарихы туралы ақпарат берді.

Келіссөз барысында тараптар бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мәселелерін пысықтады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі