ТДМ-15: «Дармарка» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Университетіміздің ақпараттық технологиялар факультетінде 22 сәуір күні «Дармарка» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Қазіргі таңда жаһандық деңгейде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері өзекті болып отыр. Осыған байланысты, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен саналы тұтыну дағдыларын дамыту – тұрақты дамуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Осы мақсатта «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 2024 жылдың қараша айынан бастап «Stop Musor» әлеуметтік жобасының бесінші кезеңін жүзеге асыруда. Аталған жоба тұрмыстық қалдықтарды азайтуға, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға және әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Дармарка» экологиялық акциясы – бұл артық тұтыну мен қалдықтардың артуына қарсы бағытталған баламалы тәсіл. Акция қатысушылары бұрын өздері пайдаланған, бірақ әлі де жарамды заттарды басқаларға ұсыну арқылы, өздеріне қажетті заттармен алмасуға мүмкіндік алады. Бұл формат, бір жағынан, заттарға екінші өмір сыйласа, екінші жағынан, жаңа тауарларды өндіруге, тасымалдауға және орауға қажетті ресурстар мен энергия шығынын азайтуға ықпал етеді.
«Дармарка» акциясы жастарды, студенттерді және жалпы қоғамды экологиялық тұрғыдан жауапкершілікке тәрбиелеуге, сондай-ақ саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл – күнделікті өмірде жасалатын қарапайым, бірақ әсері зор экологиялық қадам.
Басқа жаңалықтар


