Кедендік-тарифтік реттеу жүйесі сараланды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Еуразиялық экономикалық одақтың 10 жылдығына және заң факультетінің 70 жылдығына арналған «Халықаралық экономикалық интеграция жағдайындағы кедендік-тарифтік реттеудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері және студент жастар қатысты.
Шараның мақсаты халықаралық экономикалық интеграция жағдайында кедендік-тарифтік реттеудің өзекті мәселелерін талқылау және тұрақты дамуға көшу аясында кедендік әкімшілендірудің стратегиялық бағыттарын айқындауға бағытталған.
Ғылыми жиында сөз алған заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов қазіргі жаһандану жағдайында халықаралық экономикалық интеграция елдердің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың біріне айналғанына тоқталып, факультет ұжымын мерейтойымен құттықтады.
Бүгінгі таңда әлемдік экономикада интеграциялық үрдістердің қарқынды дамуы байқалуда. Елдер арасындағы өзара экономикалық байланыстардың тереңдеуі кедендік-тарифтік саясаттың өзектілігін арттырып отыр. Конференцияға қатысушылардың айтуынша, қазіргі кезеңдегі кедендік-тарифтік реттеу жүйесі жаһандық стандарттарға толық сәйкес келе бермейді. Бұл халықаралық сауда ағындарының еркіндігіне кедергі келтіріп, шекарадағы әкімшілік тосқауылдардың артуына себепші болуда.
Ғылыми конференцияға жиналғандар еліміздің экономикалық дамуын нығайтуға және Қазақстан Республикасының кеден және салық заңнамасының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруге баса назар аударды. Қатысушылар кедендік бақылау технологияларын дамытудың заманауи үрдістерін, көлік-логистикалық жүйелерді трансформациялауды және әртүрлі елдерде қолданылатын өзекті тәжірибелерді жан-жақты талқылады.
Конференция кедендік реттеу саласындағы ғалымдар мен практиктер арасында білімді тереңдетуге және кәсіби байланыстарды дамытуға ықпал ететін тәжірибе мен пікір алмасу алаңына айналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


