ҚазҰУ-да түркі әлемі географтары бас қосты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түркі әлемі географтарының II халықаралық конгресі өтті. Екі күнге жалғасқан ауқымды іс-шарада қатысушылар жаһандық экологиялық мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды.
Конгреске Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 200-ден астам ғалым мен сарапшы-экологтар, белгілі географтар, оқытушылар мен жас зерттеушілер қатысты.
Жиында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев табиғи ресурстарды сақтауда балама энергия көздерін пайдалануға ерекше мән берілуі қажет екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түсті. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес», – деп атап өткен болатын. Климаттың өзгеруі, урбанизация, шөлейттену, экожүйенің тұрақсыздығы сияқты мәселелер – бәрімізге ортақ проблема. География ғылымы осы мәселелерді жан-жақты талдауға мүмкіндік береді», – деді ректор.
Бұған қосымша, ЖОО басшысы өз сөзінде Орталық Азия аумағындағы су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сынды экологиялық мәселелерге ҚазҰУ ғалымдары Жерді қашықтықтан зондтау арқылы жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек өтті.
Халықаралық конгресс бағдарламасында Бұхара мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Баходир Мамуров, Түркиядан келген ғалым-профессорлар Бүлент Аксой, Омер Түрксевер, Халил Токсан, қырғыз профессоры Тургунбек Ниязов және өзге де зерттеушілер сөз сөйлеп, географиялық мәселелерді ортаға салды.
Түркі әлемі географтарының II халықаралық конгресі барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Бұхара мемлекеттік педагогикалық институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында қос тарап әлеуметтік, гуманитарлық және жаратылыстану саласы бойынша ортақ жобаларды жүзеге асырады.
Айта кетейік, шараны ұйымдастыруға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Қырғызстан), «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, Османғазы университеті (Түркия) атсалысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


