ҚазҰУ-да 16 білім беру бағдарламасы бойынша аккредиттеу басталды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарих, философия және саясаттану, журналистика факультеттерінде оқытылатын 16 білім беру бағдарламасы бойынша мамандандырылған аккредиттеу жұмысы басталды.
Аккредиттеу барысын әртүрлі бағыттар бойынша білім беру сапасын бағалау мақсатында Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің (IAAR) сараптамалық комиссиясы жүргізуде.
Сарапшылар проректорлармен, құрылымдық бөлім басшыларымен, декандар және кафедра меңгерушілерімен, құрылымдық бөлім басшыларымен, білім беру бағдарламаларының үйлестірушілерімен, сондай-ақ жұмыс берушілердің өкілдерімен, оқытушылармен, студенттермен және ЖОО түлектерімен бірқатар сұхбаттар өткізді. Мұндай шара іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары және олардың қазіргі замандағы талаптарға сәйкестігі туралы жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Жұмыс барысында IAAR аккредиттеу агенттігінің сарапшылары тарих, журналистика, философия және саясаттану факультеттерінің материалдық-техникалық базасымен танысады. Комиссия сонымен қатар кесте бойынша сабақтарға қатысады, оқытушылармен және студенттермен сауалнама және сұхбат жүргізеді. Кешенді бағалау шеңберінде сарапшылар үшін Фараби кітапханасында және студенттерге қызмет көрсететін «Керемет» орталығында экскурсия ұйымдастырылады, бұл білім алушыларға ұсынылатын ресурстар мен оларға көрсетіліп отырған қолдау туралы толық түсінік алуға септігін тигізеді.
Аккредиттеу жұмысы 30 сәуірге дейін жалғасады, оның барысында комиссия университеттің білім беру бағдарламаларына объективті баға беру үшін барлық қажетті ақпаратты жинайды және талдайды. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, мұндай процесс білім берудің жоғары сапасын және еңбек нарығындағы заманауи талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

